Жаңадария, Іңкәрдария, экспедици ЖАҢАДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫР ҚОНЫСТАРЫ (2022 ЖЫЛҒЫ БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
Мақалада Шірік рабат археологиялық экспедициясының (бұдан әрі ШРАЭ) 2022 жылы жүргізген барлау жұмыстары туралы баяндалады. Барлау жұмыстары нәтижесінде көне Іңкәрдария арнасы бойында орналасқан шлакты обалар тізімге алынып, келесі бағыт Жаңадарияның құрғақ арнасы бойындағы ортағасырлық қалалар мен қамалдарда жалғасты. Қалашықтар мен қамалдар әуеден суретке түсіріліп, беткі материалдары жиналды. Барлау барысында Сырлы там қала 2, Іңкәр қала 2 қалашықтары және Кекірелі қонысының орны анықталды. Қалашықтардан табылған беткі материалдардың көпшілігі керамика кешені. Орқаладан (Бестам-қала) табылған керамикалардың басым бөлігі Алтын Орда кезеңімен мерзімделетін Асанас, Қышқала қалаларынан табылған керамикаға ұқсас болып келеді. Сонымен қатар әшекей бұйымдар көптеп кездесті. Табылған бұйымдардың легін моншақтар құрайды.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған ерте темір дәуірі және ортағасырмен мерзімделетін ескерткіштердің зерттелу тарихына ғылыми деректер негізінде талдау жасалды. Барлау жұмыстары көне Іңкәрдария, Жаңадария арнасының құрғап қалған аумақтарында жүргізілді. Жаңадария ескерткіштерін картаға түсіру, хронологиясы мен мәдени байланысын анықтау мақсатында жаңа ескерткіштер ашылды. Компьютерлік (QGIS және Google Earth Pro) бағдарламалар арқылы зерттеу нысандарының топографиялық жобалары, картасы жасалды. Бағдарламалар нәтижесінде ерте темір дәуірімен мерзімделетін жерлеу орындары мен ортағасырлық қалашықтардың орналасу ерекшеліктері айқындалды.