Мәзір

Нөмір 107 № 4 (2024): Мәдени мұра № 4 (107) 2024

Жарияланды: 2024-12-24

Статьи

ӘЙТЕКЕ БИДІҢ АЙҚЫН БЕЙНЕСІ (АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ)

Мақалада Әйтеке бидің өмір сүрген жылдарының нақты мерзімі болмағанымен, Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласында – бір аймақта туып, қайтыс болғаны атап өтіледі. Халық жадысы арқылы оның Нұрата қаласындағы орталық зиратқа жерленген орны белгілі болды. Ұзақ жылдар бойы оның жеке портреті белгісіз болып, тек бірнеше жыл бұрын ғана анықталып отыр. Мақаланың мақсаты: Әйтеке бидің жерленген жерінен алынған сүйек қалдықтарын тарихи-антропологиялық зерттеу және оның бас сүйегі бойынша алынған мүсіндік антропологиялық реконструкциямен таныстыру. Сонымен қатар, алынған бейнені XVII ғасырдың соңында испан суретшісі салған тірі кезіндегі портретімен салыстыру. Зерттеу археологиялық қазба, архивтік және антропологиялық зерттеулер арқылы стандартты әдіспен жүргізілді. Авторлар сонымен қатар М.М. Герасимов әзірлеген мүсіндік антропологиялық реконструкция ғылыми әдісіне сүйенген.  Соның нәтижесінде Әйтеке бидің сүйек қалдықтарына тарихи-антропологиялық сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп, оның нақты жерленген жері анықталып, бас сүйегінен оның мүсіндік антропологиялық реконструкциясы жасалған, алынған нәтижелер Әйтеке бидің нақты келбетін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл мүсіндік портрет антропологиялық тұрғыдан Әйтеке бидің көзі тірісінде салған испан суретшісі Хуан Харистің суретімен салыстырылды. Негізгі тұжырым: тарихи-мәдени мәліметтерге және сүйек қалдықтарының антропологиялық сәйкестендірілуіне байланысты, олар шын мәнінде Әйтеке биге тиесілі екені анықталды. Әйтеке бидің сыртқы келбетінің кейінгі барлық бейнелері оның реконструкция жасалған бейнесі мен оның тірі кезінде салынған портретіне негізделуі керек.

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ АРТЕФАКТІЛЕРДІ 3D СКАНЕРЛЕУДІҢ ӘДІСТЕМЕСІ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕСІ

Археологиялық артефактілерді 3D модельдеу – мәдени мұраны толық зерттеуге және сақтауға мүмкіндік беретін нысандардың сандық көріністерін құру процесі. Қазіргі уақытта археологиялық зерттеулерде 3D модельдеудің екі технологиясы белсенді қолданылады, олар сканерлеу (лазерлік сканерлер және құрылымдық жарық сканерлері) және фотограмметрия. Мақала сканерлеу әдісі арқылы археологиялық нысандардың үш өлшемді моделін құру әдістемесіне арналған. Мақаланың мақсаты – археологиялық артефактілерді сканерлеу тәжірибесімен бөлісу, құрылымдық жарық сканерімен жұмыс істеу әдістемесін сипаттау және алынған нәтижелер мен модельдерді көпшілікке ұсыну.

А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты жүзеге асыратын «Ежелгі және  орта  ғасырлардағы  Қазақстан: археологиялық дереккөздерді жүйелеу және талдау» бағдарламасы аясында әртүрлі археологиялық артефактілерді сканерлеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Ұсынылған мақалада археологиялық артефактілерді құрылымдық жарық сканерінің көмегімен сканерлеудің әмбебап әдісі келтірілген. Көлемі мен ою-өрнектері әр түрлі музей эскпонаттарын үш өлшемді сканерлеу әдістері жан-жақты сипатталған. Музей эскпонаттарының үш өлшемді суреттерінің мысалында әртүрлі түстегі және өлшемдегі археологиялық артефактілерді сканерлеуге арналған негізгі нұсқаулықтар берілген. Құрылғы қате орнатылған жағдайда немесе сканерленетін нысанның физикалық қасиеттеріне байланысты сканерлеу кезінде жиі кездесетін қателіктердің мысалдары келтірілген. Модельді құрудың сканерлеуден бастап оны Sketchfab сайтына жүктеуге дейінгі барлық кезеңдері орындалған. Қазақстан ғылымындағы ахуалды талдау бүгінгі таңда жекелеген ғылыми институттар мен орталықтар археологиялық зерттеулерде 3D технологияларын қолданудың бастапқы кезеңінде екендігін көрсетті.

ДҮЗБАЙ-V ТҰРАҒЫНДА 2024 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР

Авторлық ұжымдық мақалада Қостанай облысы, Әулиекөл ауданындағы Дүзбай-V тұрақ орнында жүргізілген археологиялық жұмыстар мен зерттеулер қарастырылған. Дүзбай-V тас дәуірі тұрағы мезолиттен темір дәуіріне дейінгі кезеңдерді қамтитын бірнеше атаулы тас дәуірі тұрақтарының жанында орналасқан және 1979 жылы ашылған тұрақтың бірі. Археологиялық зерттеулер Қостанай облысының тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының жобасы аясында жүргізілді. Бұл зерттеулер нәтижесінде авторлар Дүзбай-V тұрағы неолит кезеңіне жататын Дүзбай-I немесе Дүзбай-IV тұрақтарының жалғасы деген қорытындыға келді. Дүзбай-V тұрағының негізгі тұрағынан, яғни өзен тасқындары жетпейтін, өзеннен алыс опналасып, өзен тасқыны кезінде су жетпеген негізгі аймақтың жалғасы деген болжам жасалды.

Дүзбай-V тұрағында аң аулауға немесе балық аулауға арналған құралдар табылмағады және бұл тұрақты Маханжар мәдениетіне жатқызады. Сонымен қатар, жебе ұштары мен найзайдың табылмауы, жергілікті халықтың терімшілікпен айналысқанын көрсетеді. Авторлар Дүзбай-V тұрағында пластиналардан құрал жасалғанын, яғни бұл тұрақтың шеберхана қызметін атқарғанын және негізгі қонысты бақылауға ыңғайлы төбеде орналасқанын атап көрсетеді. 

Зерттеу жұмысы барысында стратиграфия, планиграфия, салыстырмалы талдау, типология әдістері, сондай-ақ табылған фрагменттерінен керамикалық ыдыстарды модельдеу әдісі қолданылды.

ОҢТҮСТІК КАВКАЗ АЙМАҒЫ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ДӘУІРДЕГІ КЕРАМИКАСЫ ЖӘНЕ ЭТНОМӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫНЫҢ ТАРИХЫ

Дүниежүзілік археологиялық тәжірибе көрсеткендей материалдық мәдениет объектілерінің ішінде қыш бұйымдар айтарлықтай басым бөлігін құрайды. Осы тұрғыдан алғанда неолит дәуіріне жататын әртүрлі керамикалық заттар табылған Оңтүстік Кавказда айтарлықтай ерекшелік кездеспейді. Ежелгі Албания мен Иберияның материалдық мәдениет олжаларының ішінде қыш бұйымдары да ең көп таралғандары болып табылады. Оларды жіктей отырып, ғалымдар шаруашылық-тұрмыстық, құрылыстық, діни-ғұрыптық, сәндік және миниатюралық керамикалық бұйымдар деп топтасырады. Мақалада аймақтағы этномәдени байланыстар контекстінде қыш өндірісінің өнімдері типтері, формалары және ою-өрнектері бойынша қарастырылған.

Ғылыми ақалада қолданылған әдіснамалық тұрғыдан ең маңыздысы – жазбаша дереккөздер, артефактілер мен бақылаулардың салыстырмалы талдауы. Әдіснамалық тұрғыдан алғанда, бұл зерттеу аймақтың белгілі бір географиялық бөлігіндегі жаппай өндірілетін керамикаға немесе ыдыстардың типологиялық жіктелуін ғана қамтып қоймай, жергілікті шеберлер шығарған импортталған және экспортталған керамикалық ыдыстар негізінде қарастырылған. Зерттеудің мақсаты – аймақтық деңгейде миграция, ішкі сауда немесе басқа да қарым-қатынастар нәтижесінде әртүрлі этностар әкелген керамика түрлерін, сондай-ақ неке байланыстары, сыйлық немесе олжа арқылы бөтен ортаға түскен эксклюзивті керамика үлгілерін көрсету болып табылады. 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МУЗЕЙ МАРКЕТИНГІ: БАСЫМДЫҚТАРЫ МЕН ДАМУ ӘДІСТЕРІ

Қазіргі таңда музей қызметі тек мәдени мұраны сақтаумен шектелмей, білім беру, коммуникация және туризм орталығы ретінде де маңызды рөл атқарады. Ақпараттық технологиялардың дамуы мен қоғам қажеттіліктерінің күн сайын өзгеруі және бәсекелестіктің артуы музейлерді өз қызметтеріне маркетингтік әдістерді енгізуге мәжбүр етуде. Осы негізде жазылған ғылыми мақалада музейлердің мәдени және әлеуметтік рөліне талдау жасалынып, қазіргі заманғы әлемдік музей маркетингінің ерекшеліктері мен даму әдістері қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты: қазіргі заманғы музей маркетингінің ерекшеліктерін, оның мазмұнын, әдістерін және тиімділігін анықтау арқылы музейлердің танымалдығын арттыру және олардың мәдени-әлеуметтік миссиясын тиімді жүзеге асыруға ықпал ететін маркетингтік құралдарға талдау жасау болып табылады.

Зерттеуде теориялық және салыстырмалы талдау және контент талдау әдістері басшылыққа алынған. Теориялық зерттеу әдісі негізінде музей маркетингінің ғылыми бағыттары туралы жазылған отандық және шетелдік еңбектер мен мақалаларға талдау жұмысы жүргізілді. Бұл әдіс музей маркетингінің теориялық аспектілерін жүйелеуге мүмкіндік берді. Салыстырмалы талдау әдісі негізінде Қазақстандық және шетел музейлерінің маркетингтік тәжірибелерін салыстыру арқылы тиімді жақтарын анықтау жүзеге асырылды. Мақалада музей қызметінің негізгі басымдықтарын айқындап, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірнеше нақты ұсыныстар келтірілген. Музей маркетингінің заманауи стратегиялары мен практикалық құралдарына баса назар аударылған. Зерттеу объектісі ретінде ҚР Ұлттық музейінің тәжірибесі қарастырылды.

ТҮРКМЕНДЕРДІҢ ОТТЫ ҚАРУЫ (ХІХ ҒАСЫР МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

Түрікмен тарихнамасында аз зерттелген тақырыптың бірі- түрікмендердің атыс қаруы зерттеу жұмысының негізгі нысаны ретінде қарастырылған. Зерттеудің басты мақсаты – антропологиялық көзқарас пен мәселенің тарихнамасына салыстырмалы-тарихи әдістер негізінде XIX ғасырдағы түрікмендердің атыс қаруын жан-жақты аналитикалық сипаттама жасау. Мақаланы жазу барысында сол кезеңнің мерзімді басылымдарының мәліметтері негізгі дереккөз ретінде пайдаланылды. Авторлар антропологиялық тәсілді және салыстырмалы-тарихи әдісті, дереккөз материалдары мен баспасөз мәліметтерін мұқият талдауды қолданды.

Түрікмендердің қол атыс қаруы мен кейбір артиллерия түрлерінде келтірілген жіктелу (классификация) қару-жарақ арсеналының әртүрлілігін көрсетті. Дамыған Еуропада қызметін әлдеқашан аяқтаған ескі білтелі қару түрікмендер үшін ұзақ уақыт белсенді қолданылған қарулардың бірі болды. Аталған қарулармен бірге Түрікмендердің қару-жарағында артиллерия да болды. Бұлар зеңбіректер, ұсақ калибрлі жергілікті зеңбірек түрлері (зембуректер) және бекіністік қару – фальконеттер еді. Әскери қызмет түрікмен қоғамында маңызды орынға ие болып, тәжірибелі қару-жарақ шеберлері қоғамда үлкен құрмет пен беделге ие болды. Түрікмен шеберлері импортталған қаруды шебер бейімдеп, оны жергілікті дәстүрлерге сай қайта өңдеп, заманауи орыс және еуропалық қаруды пайдалануға лайықтап жасаған. Алайда жергілікті қару өндірісі шектеулі болды, сондықтан қару көршілес елдерден: Ресейден, Хиуадан, Бұхарадан және Ираннан белсенді түрде әкелінді. 

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН (МҰХАММЕД ҒУСЕЙІН ШӘҺРИЯР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ НЕГІЗІНДЕГІ ЭТНОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ)

Мақала белгілі Әзірбайжан ақыны М. Шәһрияр шығармашылығындағы Наурыз мерекесінің сипаттамасына, оған байланысты ережелерге, әдет-ғұрыптар мен рәсімдерге, сондай-ақ қазіргі дәуірдегі оның мәртебесіне интерпретация жасауға арналған.

Зерттеудің мақсаты мен міндеті: көктем мезгілінің басты символы, гуманистік сипатқа ие Наурыз мерекесінің ерекшеліктерін және жалпы шығыстық құндылықтарды ғылыми негізде зерттеу. Әзірбайжан идеологиясы аясында жазылған мақаланың теориялық-методологиялық негізі – хронологиялық жүйелілік, өзара және салыстырмалы талдауға негізделген. Сондай - ақ, этнографиялық зерттеулерде кеңінен қолданылатын тәсілдер арқылы мәселені объективті түрде  интерпретациялар әдісі қолданылды. Зерттеуде М. Шәһриярдың шығармалары мен тарихи-этнографиялық деректер пайдаланылды.

Материалдарды салыстырмалы талдау арқылы Наурыз мерекесінің тек әзербайжандар арасында ғана емес, жалпы Шығыс халықтары арасында да кеңінее таралғаны туралы қорытынды жасалды. Мақалада негізінен белгілі Әзірбайжан ақыны М. Шәһриярдың «Гейдарбабаның сәлемі» поэмасында баяндалған Наурыз мерекесі туралы түсініктерге ерекше назар аударылған. Оңтүстік Әзірбайжан халқы Наурызға байланысты бірнеше әдет-ғұрыптарды сақтағаны және қызықты рәсімдер өткізгені анықталды.

Материалдарға салыстырмалы талдау жасау арқылы Наурыз мерекесінің егіншілік пен мал шаруашылығына тікелей байланысты екені және Әзірбайжан ұлтының басқа да түркі халықтарының тарихи және мәдени дамуына қатыстылығын көрсететінін және оның этникалық ерекшеліктерін аша түсетініндігі анықталды.

РУХЫ МЫҚТЫ ТҰЛҒА (ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 70 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ)

Мақалада сценарист, жазушы, аудармашы, музыка фольклорын зерттеуші, қолөнер шебері, публицист, эссеист, күйші-домбырашы – Таласбек Әсемқұловтың өмірі мен шығармашылық жолы сөз болады.