Мәзір

Нөмір 112 № 1 (2026): Мәдени мұра № 1 (112) 2026

Жарияланды: 2026-04-08

Статьи

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ СОЗАҚ: АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНАН

Мақалада Қазақ хандығының саяси-экономикалық тарихында елеулі орын алған ортағасырлық Созақ қаласының археологиялық зерттелу тарихы мен негізгі нәтижелері жан-жақты қарастырылады. Негізгі назар Созақ қаласының орнында әр жылдары жүргізілген археологиялық зерттеулерге, әсіресе 2010-2012 жылдар аралығындағы қазба жұмыстарының қорытындыларына аударылған. Зерттеу барысында қаланың топографиясы, құрылымдық бөліктері, мерзімделуі және қорғаныс жүйелері ғылыми тұрғыда талданады. Сонымен қатар Созақтың Қаратаудың теріскей беткейінде орналасқан екі ортағасырлық қала орнынан – Тарсатөбе мен кейінгі Созақтан тұратындығы археологиялық деректер негізінде дәлелденеді.

ХХ ғасырдың ортасынан бастап Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Бернштам, Л.Б. Ерзакович, А.Н. Подушкин бастаған ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижелері жүйеленіп, олардың мерзімдемелік тұжырымдары салыстырмалы түрде қарастырылады. Археологиялық және стратиграфиялық деректер Созақ аумағында б.з.д. ІІІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейін үздіксіз тіршілік болғанын көрсетеді, бұл қаланың шамамен 2000 жылдық тарихы бар екенін айғақтайды.

Сондай-ақ мақалада жазба деректер мен археологиялық мәліметтерді салыстыра отырып, Созақтың ХV–ХVІ ғасырлардағы Қазақ хандығының тірек қалаларының бірі болғаны, маңызды сауда, әскери-стратегиялық және әкімшілік орталық қызметін атқарғаны баяндалады. Қаланың Ұлы дала мен отырықшы өркениет тоғысқан аймақта орналасуы оның экономикалық маңызын арттырған.

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚУ 1-4, 6-7 ТАС ДӘУІРІ ТҰРАҚТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫН ЗЕРТТЕУ

Мақалада алғаш рет 1942 жылы К.М. Поликарпович ашқан Орталық Қазақстандағы Қу 1-4, 6-7 тас дәуірі тұрақтарынан жиналған материалдар жарияланады. Тұрақтар Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында, Қу (Балқантау) тауынан шығысқа қарай 10 км және Қаратөбе тауынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Жұмыстың мақсаты – зерттеліп жатқан тұрақтардың тас индустриясын типологиялық талдау және олардың хронологиясын анықтау. Тас құралдарын сипаттау үшін классификациялаудың типологиялық және технологиялық әдісі қолданылды. Барлығы 207 тас артефакт талдаудан өтті. Жинақтамада ретуштелген жаңқалар мен олардан жасалған құралдар (қырғыштар) басым, дегенмен де тілікте жасалған бұйымдар да аз емес. Тіліктер сығу техникасымен жарықшақтанды, жаңқалар да көбінесе сығу техникасымен (дебитаж) және сирегірек жұмсақ соққышпен тігінен соғу арқылы алынған. Қатты соққышпен жарықшақтау арқылы алынған ірі жалпақ жаңқалар өте сирек кездеседі. Жинақтама құрамы бойынша шикізаттық ұқсастықтарды Тоқтауыл тұрағы мен Солтүстік Сарыарқаның қабатталған Шідерті 3 тұрағынан табуға болады. Жинақтаманың типологиялық құрамын талдау кезінде дамыған кейінгі неолит дәуіріне (б.з.д. V–IV мыңжылдық) жататын қабаттарымен ұқсастықтар анықталды, атап айтқанда, сұр және қызғылт шақпақтастардан жасалған артефактілер атбасар мәдениеті ескерткіштерінің ареалына жақын, ал жолақты сары шақпақтастар ерте неолиттік және мезолиттік қабаттарда кездеседі.

2025 ЖЫЛҒЫ ТАЛДЫСАЙ-II ТҰРАҒЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР

Мақалада 2025 жылы Талдысай-II тұрағында Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының археолог қызметкерлерінің Көкшетау және Қызылорда университеттерінің археологтарын тарта отырып жүргізген археологиялық зерттеулері қарастырылады.  

2023 жылы Е.В. Подзюбан және әуесқой археолог Д.Б. Дей тарапынан Сандықтау сызығы мен Үштоғай шаршысы геоглифтері аралығында анықталған неолиттік Талдысай-II тұрағы тас құралдары мен керамикасының типологиясына сәйкес аңшылар мен жинаушылардың Маханжар мәдениетіне жатқызылды. Археологиялық зерттеулер тұрақтың жазғы маусымдық уақытша қоныс болғанын көрсетіп отыр. Мұнда маханжарлықтар тұрақты тұрғын үй құрылыстарын салмаған, кепе тәрізді баспаналарды пайдаланған. Сонымен қатар тұрақтан табылған тас құралдарына қатысты материалдардың басым бөлігі өндірістік қалдықтарға жатқызылғаны анықталып, аталған орынның негізінен еңбек құралдарын дайындау орталығы болғанын көрсетті. Авторлар қазба жұмыстары барысында мәдени қабаттан пластинадан жасалған жебе ұштары сияқты қызықты олжалардың табылғанын атап өтеді. Олардың пікірінше, мұндай жебе ұштары көбінесе өзен маңында ұсақ құстар мен жануарларды аулауға пайдаланылған. Талдысай-II тұрағынан табылған бұйымдар неолит дәуіріндегі Атбасар мәдениетінің жебе ұштарына ұқсас болды. Сондай-ақ зерттеу аясында маханжарлықтардың Торғай геоглифтерін тұрғызуға қатысы болуы мүмкін деген гипотеза ұсынылды. Қорытындылай келе, авторлар Торғай геоглифтерінің айналасында неолит дәуірінің тұрақтары болуы мүмкін екенін атап өтеді.

XIV ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫ – XV ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ОТЫРАР МЕШІТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мақалада Қазақ КСР Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының 1981-1987 жылдары Отырартөбе қалашығының шахристан бөлігінде орналасқан XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басына жататын мешіт орнында жүргізген қазба жұмыстарының материалдары талданады. Зерттеу барысында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының (Алматы) архивіндегі осы күнге дейін жарияланбаған деректер мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің (Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауыл.) қорында сақталған сәулеттік қаптамалар ғылыми айналымға енгізілді.

Алғаш рет мешіттің архитектуралық декорларына сипаттама беріліп, қаптама фрагменттерінің сызбалары мен фотосуреттері жарияланып отыр. Мұрағат материалдарын зерделеу барысында алтын жалатылған майолика сынықтары мен араб жазуы бар плитканың фотосуреті анықталды. Бұл деректер Отырар мешітін өз заманының ең таңдаулы ғимараттарының бірі ретінде тануға мүмкіндік береді. Мақаланың негізгі жаңалығы – Отырар мешітінің майолика плиткасындағы тауыс бейнесінің алғаш рет жарияланып, талдануы. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ортағасырлық ислам сәулет өнері үшін бірегей құбылыс. Әшекейлер арасында кашин плиткаларының кездеспеуі құрылысқа жергілікті шеберлердің тартылғанын көрсетеді. Болжам бойынша, мешітті Отырардың қыпшақ билеушісі, атақты әскери қолбасшы Темір-Бердібек салдырған.

Зерттеу барысында мешіт михрабының құбыладан 206о ± 2-қа ауытқығаны анықталды. Михраб бағытының дәл келмеуі және мұсылмандық ғибадатханаларға тән емес зооморфтық (жануар текті) бейнелердің қолданылуы ғимараттың мешіт ретінде пайдаланылуын тоқтатуға себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты, XVI ғасырдың басында ғимарат тұрғын жай ретінде қайта жабдықталғандығы анықталды.

КРАМАТОРСК ҚОРЫМЫНАН ТАБЫЛҒАН ТҮЙРЕУІШ (ДОНЕЦ МАҢЫ). ТРАСОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ НӘТИЖЕЛЕРІ

Жарияланым 1985 жылы Донецк мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы Краматорск қаласына (Донецкий обл.) жақын орналасқан қорғандарды қазу барысында Солтүстік Донец (Донбасс) өзені маңындағы зерттелген көне шұңқыр мәдениетіне тән негізгі балалар жерлеуінен табылған балға тәрізді түйреуіш фрагментін зерделеуге арналған. Түйреуіштің жасалу және қолданылу іздері екі бөлікке бөлінеді: бастапқы түйреуіш, одан өрнек элементтері бар жоғарғы бөлігі  сақталған, ал екінші бөлігі өзгертіліп, сынғаннан кейін тұмар ретінде пайдаланылған. Трасологиялық әдісті қолдана отырып, авторлар өрнек түсіру тәсілдерін талқылайды, олардың екі түрі болуы мүмкін: 1) өзекке қос зигзаг, қос сызықтар немесе үшбұрыштар түсіріп, кейін оларды штрихтау; 2) алдымен көлденең штрихтау жүргізіп, кейін оны ұзын сызықтармен толықтыру. Краматорск түйреуішінде өрнектеудің бірінші тәсілі қолданылған. Авторлар түйреуіш сынығын қайта өңдеп, оны ұзақ уақыт бойы басқа бұйым – тұмар ретінде пайдаланғаны туралы деректі талқылауға ұсынады; сақталған іздерге қарағанда, ол белгілі бір уақыттан кейін қайта өзгертілген. Түйреуіштің сынуы мен оның тұмарға айналуы арасында, сондай-ақ тұмардың кейінгі өзгерістері арасында айтарлықтай уақыт өткен. Авторлар бірнеше рет өзгеріске ұшыраған бұйымның ұзақ уақыт бойы кемінде екі иеге тиесілі болып, пайдаланылғанын дәлелдейді.

СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС САРЫАРҚАДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ЖЕРЛЕУ ЕСКЕРТКІШТЕРІН ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫ МЕН НЕГІЗГІ НӘТИЖЕЛЕРІ

Мақалада Солтүстік-Шығыс Сарыарқа аумағындағы Павлодар Ертіс өңірінің ортағасырлық жерлеу ескерткіштерін зерттеу нәтижелеріне жалпылама шолу жасалған. Зерттеудің өзектілігі көптеген әртүрлі жарияланымдар мен далалық материалдардың болуына қарамастан, өңір бойынша кешенді тарихнамалық талдаудың жүргізілмеуімен, сондай-ақ заманауи археологиялық деректердің жеткіліксіз деңгейде ғылыми айналымға енгізілуімен түсіндіріледі. Бұл жағдай жинақталған материалдарды салыстырмалы тұрғыда қарастыруға және олардың мәдени-тарихи мазмұнын толық ашуға кедергі келтіреді.

Жұмыс барысында әр кезеңде жүргізілген зерттеулер нәтижелері негізгі белгілер бойынша жүйеленді: қабір құрылыстарының типологиясы, жерлеу ғұрпының құрылымы, жерленгендердің бағдарлану ерекшеліктері, салттық тәжірибедегі ілеспе заттардың құрамы мен қызметі. Осы негізде аймақ ескерткіштерінің басты хронологиялық топтары айқындалды: қимақ дәуірінің кешендері (VIII–X ғғ.), XI–XIII ғғ. ескерткіштері және монументалды сәулет өнерінің дамуымен байланысты XIV–XV ғғ. кейінгі ортағасырлық нысандар.

Сонымен қатар, аймақтың жерлеу ескерткіштеріне жерлеу ғұрпының әртүрлі нұсқаларының ұштасуы, ағаш конструкциялардың кеңінен қолданылуы, сондай-ақ тризна элементтері мен ілеспе зататрдың тұрақты түрде кездесуі тән екендігі анықталды. Алынған деректерді жалпылау жерлеу дәстүрлерінің эволюциясын нақтылап, аймақтың этномәдени дамуын түсіндіруге және болашақ археологиялық зерттеулердің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

МУЗЕЙ КОЛЛЕКЦИЯСЫНДАҒЫ ТАС МҮСІНДЕР: МУЗЕЙЛЕНДІРУ ЖӘНЕ ЭКСПОЗИЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕРІ

Еуразия даласының көшпелілері түркі мемлекеттерінің ұланғайыр аумағында  көптеген тас мүсіндерді қалдырды. Балбалдар деп аталатын тас мүсіндер Шығыс Моңғолиядан Эльба аңғарына дейінгі жерлерде жиі ұшырасады. Мүсіндердің басым бөлігі VI-VIII ғасырларға жатады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі археологиялық олжалар мен коллекцияларды талдау негізінде элиталық «қағандық» отырған мүсіндерден бастап, жауынгерлер мен әйелдерге арналған тас мүсіндерге дейінгі үлгілердің типологиясы қарастырылады.

Түркі дәуіріне жататын тас мүсіндер бейнеленген кейіпкердің әлеуметтік мәртебесі мен сакралдық қызметін айқындайтын қалпы, атрибуттық белгілері және кеңістіктік орналасуы арқылы кодталған күрделі семиотикалық жүйені құрайды. Түркі ескерткіштеріндегі мүсіндік бейнелердің басым бөлігі толық бойымен тұрған адам кейпінде сомдалған, алайда кейбір мүсіндерде тек басы немесе денесінің жоғарғы бөлігі ғана бейнеленген. Ірі элиталық кешендер құрамында адамдардың мүсіндері әрі тұрған, әрі отырған қалыпта бейнеленген.

Сондай-ақ зерттеуде музейлендіру үдерісіне сыни талдау жасалады. Нысанды табиғи ландшафт пен сәулеттік ансамбль құрамынан бөліп алу нәтижесінде оның сакралды-мағыналық мазмұнының жоғалуын білдіретін «деконтекстуализация» мәселесі қарастырылады. Көне түркі мұрасын сақтау үшін жаңа экспозициялық тәсілдерді енгізудің қажеттілігі негізделеді.

В. Ф. ЗАЙБЕРТ ЖӘНЕ ОНЫҢ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ МЕН АРХЕОЛОГИЯСЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ РӨЛІ («АКМОЛИНСКАЯ ПРАВДА» ГАЗЕТІ МАТЕРИАЛДАРЫ БОЙЫНША)

Мақалада Қазақстанның облыстық қоғамдық-саяси газеті «Акмолинская правда» 2013-2024 жылдар аралығындағы жарияланымдарына кешенді талдау жасау арқылы  көрнекті қазақстандық археолог Виктор Федорович Зайберттің өмір жолы, ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі қайта жаңғыртылады. Зерттеудің негізгі мәселесі – оның көпқырлы қызметін саралау қажеттілігі. Автор зерттеу барысында мақалаларды жан-жақты талдап, материал ретінде ғалыммен жүргізілген сұхбаттар, қазбалардан репортаждар, әріптестердің аналитикалық шолулары және ресми хабарламалар қолданылды. Жарияланымдар жиынтығын талдау «Акмолинская правда» газеті В.Ф. Зайберт бейнесін қалыптастыру барысында  басты тақырыптарды жүйелі түрде айқындауға мүмкіндік берді. Соның ішінде басты тақырыптардың бірі – энеолит дәуіріндегі Ботай археологиялық мәдениеті ескерткіштерінің ашылуы мен жан-жақты зерттелуі. Газет бұл жаңалықтың төңкерістік маңызын бірізді түрде ашып көрсетеді, өйткені ол археологиялық картаға жаңа ескерткішті қосып қана қоймай, даланың ежелгі тарихы туралы ғылыми түсініктерді түбегейлі өзгертті. Тағы бір маңызды тақырып – оның ғылыми жаңалықтарының мемлекеттік бағдарламаларға интеграциялануы. Ғалымның идеялары «Рухани жаңғыру» және «Қасиетті география» бағдарламаларын нақты тарихи мазмұнмен, терең хронологиялық перспективамен және материалдық негізбен қамтамасыз етті. Жүргізілген зерттеу көрсеткендей, Виктор Федорович – терең ойлы археолог, оның өткенге қатысты идеялары тікелей еліміздің қазіргі және болашақ өмірімен байланысты болды.

ӘБІЛҒАЗЫ БАҺАДҮР ХАН ШЕЖІРЕСІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН БІРҚАТАР ЭТНОНИМДЕРДІҢ ШЫҒУ ТЕГІ

Бұл мақалада Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін бірқатар түркі этнонимдерінің шығу тарихы мен семантикалық дамуы қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – шежірелік мәтінде берілген этнонимдерге қатысты халықтық этимология үлгілерін анықтап, оларды қазіргі түркологиядағы ғылыми тұжырымдармен салыстыру арқылы этнонимдердің тарихи-этнолингвистикалық табиғатын ашу. Зерттеу материалы ретінде XVII ғасырда жазылған Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и теракиме» еңбегі алынып, қарлық/қарлұқ, қыпшақ, ұйғыр, татар, қытай сияқты этнонимдер талдау нысаны ретінде қарастырылды. Аталған жәдігер – түркі халықтарының тарихынан, мәдениетінен, этнографиясынан құнды мәліметтер беретін орта ғасырлық жазба ескерткіш. Бұл еңбек – Оғызнама дастанының араб әліпбиімен жазылған нұсқасы. Зерттеу барысында сипаттамалы, тарихи-салыстырмалы, лексика-семантикалық және этимологиялық талдау әдістері қолданылды. Талдау нәтижесінде шежіреде кездесетін этнонимдердің басым бөлігі нақты лингвистикалық этимологиядан гөрі халықтық-мифологиялық түсіндірулерге негізделетіні анықталды. Сонымен қатар, этнонимдердің қалыптасуында табиғи-географиялық, әлеуметтік және саяси факторлардың маңызды рөл атқарғаны көрсетілді. Мақалада шежірелік деректердің этнонимдерді ғылыми тұрғыдан тікелей дәлелдеуден гөрі, түркі халықтарының тарихи жады мен этникалық өзін-өзі тану жүйесін сипаттаудағы маңызы айқындалады. Зерттеу нәтижелері түркі этнонимдерін кешенді тұрғыдан қарастыруға және шежірелік деректерді этнолингвистикалық талдауда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ҚАБІРІНІҢ ЖАПҚЫШЫ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР

Мақалада «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорында сақталған ортағасырлық қабіржапқыш туралы тың зерттеулер қарастырылған. Көп ғасыр бойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Ясауи бабамыздың басына қойылған құлпытаста жабулы тұрған қабіржапқыш туралы зерттеулер ғылыми айналымда көптеп кездеспейді. Зерттеуімізде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының құнды жәдігері қабіржапқыштың жасалу технологиясы және оның бетіндегі сақталған жазулардың аудармасы мен олардың мағынасы баяндалып, ғылыми анықтама беріледі.

Зерттеу барысында қабіржапқыш материалына мата фрагменттері мен тоқыма жіптеріне жүргізілген зертханалық зерттеулердің қорытындысы негізінде талдау жасалады. Сонымен бірге, шетелдік және отандық реставраторлар мен текстолог мамандардың тың зерттеулері пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы қабіржапқыштың нақты жасалған уақыты туралы тұжырымдарды салыстыра отырып, оның бүгінгі күнге дейін сақталып, ХХ ғасырдағы жағдайы туралы тың деректер ұсынылуында. Өзіне көп сыр жасырған құнды тарихи жәдігердің реставрация-консервация жұмыстары бойынша ұсыныстар келтіріледі. Ортағасырлық жәдігердегі каллиграфикалық жазулар мен өрнекті орнаменттерді қабіржапқыш бетіне түсіру технологиясының қыры мен сырын ашуға қатысты ғылыми талдау жасалды.

Зерттеу барысында қабіржапқыштағы деректерді талдау, тұжырымды фактілерді салыстыру, болжам жасау әдістері қолданылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар көп зерттеулерді талап етеді.

ТҮРКІ-МОҢҒОЛ АРЕАЛЫНДАҒЫ АСЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ ДӘСТҮРЛІ ОЙЫНДАР: ТІЛ, НОРМА ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЖАДЫ

Мақала түркі-моңғол ареалындағы дәстүрлі асық ойындарын (қаз. асық, қырғ. ашык/чүкө, моңғ. шағай) салыстырмалы этнолингвистикалық тұрғыда талдап, сипаттауға арналған. Зерттеуде ойынның терминологиялық жүйесінің лексика-семантикалық ұйымдасуына ерекше назар аударылады. Зерттеуіміздің бастапқы ұстанымы – тіл бұл кешенде практикаға қосалқы сипаттама ретінде емес, нормативтік реттеу механизмі ретінде қызмет етеді. Атап айтқанда, ойын құралдарының және олардың мәртебелік түрлерінің атаулары, нәтижелердің позициялық белгіленуі, әрекеттер терминологиясы мен реттеуші лексика арқылы рұқсат етілген іс-әрекеттің өлшемдері, нәтижені тану рәсімдері және ойындық басымдықты бөлу қағидаттары бекітіледі. Қазақ, қырғыз және моңғол дәстүрлері материалының негізінде кешеннің ортақтығы, функционалдық эквиваленттілік ретінде көрсетіледі: тек формалды сәйкестіктерді ғана емес (асық – ашык/чүкө – шагай, алшы – алчы – алц), ең алдымен бірліктің ойын механизміндегі атқаратын рөлі салыстырылады. Зерттеу нәтижесінде қазақ материалы заттық-иерархиялық модельдің айқындылығын көрсететіні (әсіресе сақа – кеней оппозициясы және зат мәртебесінің функционалдық «салмақпен» байланысы), қырғыз дәстүрі позициялық лексиканың прагматикалық тұрақтылығын және оны тұрақты тіркестерден-ақ көруге болады. Ал, моңғол материалы қалыптардың бейнелі-символдық концептуалдануын және ойын практикаларын институционалдық стандарттауға ұмтылысын танытатыны анықталды. Паремиологиялық және фразеологиялық қабат ойын категорияларының әлеуметтік семантикаға (сәттілік, құзыреттілік, бедел) ауысуын дәлелдейді, бұл асық/ашык/шағайды әлеуметтендірудің және ұжымдық жадты сақтаудың мәдени тетігі ретінде түсіндіруге мүмкіндік береді.

ГИМАЛАЙ АСҚАН КӨШ ТАРИХЫ: ҮНДІСТАН ҰЛТТЫҚ АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ НЕГІЗІНДЕ

Мақалада 1930-1950 жылдар аралығында Алтай өңірінен басталып, Гималай мен Тибет арқылы Үндістан аумағына жеткен қазақ көшінің тарихы Үндістан ұлттық архив қорларынан анықталған құжаттар негізінде талданады. XX ғасырдың 30-50 жылдарындағы Алтайдан басталған қазақ көшінің тарихына қатысты құнды дереккөздері болып табылатын Үндістан ұлттық архив құжаттары ғылыми айналымға енгізілді. Атап айтар болсақ, Үндістанның әкімшілік құрылымдарының қазақ босқындарына қатысты саясатын айқындай түсетін аталмыш көшке қатысты ресми жазбалары, әкімшілік есептері, хат алмасулары қарастырылады. Мақаланы жазу барысында тарихи ақпаратты ғылыми талдау, оларды жүйелеу және салыстыру әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері қазақ диаспорасының тарихын кеңістіктік және деректік тұрғыдан толықтырып, Үндістан ұлттық архив құжаттарының қазақ көші мәселесін зерттеудегі деректік әлеуетін айқындайды. Үндістан ұлттық архив құжаттары  Алтайдан басталып, Тибет, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақ көшін зерттеудің деректік аясын кеңейтіп, орталық Азия мен оңтүстік Азия арасындағы тарихи байланыстарды жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зерттеу барысында анықталған архивтік деректер қазақ босқындарының көшу бағыттары, орналасу аймақтары мен қабылдаушы тараптардың әкімшілік шешімдері туралы мәліметтер беріп, көші-қон үдерісінің себептері мен салдарын тереңірек түсінуге жағдай жасайды.

ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ АҚТАЛУЫ: ЖАҢА ДЕРЕКТЕРДІ ТАЛДАУ

Мақалада ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлын саяси репрессия құрбаны ретінде ақтау үдерісінің кезеңдері жаңа архив деректері негізінде талданады.

Осы күнге дейін кеңестік кезең тарихындағы ең өзекті мәселелердің бірі саяси репрессия екендігі белгілі. Тоталитарлық жүйе құрбандарының нақты саны әлі күнге дейін белгісіз, себебі сотсыз, үкімсіз атылғандардың саны қаншама. Қазақ тарихындағы атылғаннан кейін де тағдыры таласқа толы болған сондай тұлғалардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. 

Мақаланың мақсаты – ақынның ақталуына қатысты құпиясыздандырылған жаңа архив деректерін талдау. Осыған сәйкес 1950 жылдардың аяғында басталып, 1980 жылдардың соңына дейін созылған ақтау үдерісінің кедергілері, айғақтардың бұрмалануы және Ахат Құдайбердиевтің әділдік жолындағы күресі қарастырылады. Басты назар Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырушы ретінде ОГПУ-дің Шәкәрім туралы оперативтік-барлау мәліметтері мен бұл істің нүктесін қойған 1980 жылдың аяғында құрылған Мемлекеттік комиссияның жұмысын зерделеуге аударылды.

Деректік негіз ретінде ҚР Президентінің архиві материалдары және тың, ғылыми айналымға әлі де толық енбеген ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құжаттары, Шәкәрімтанушы ғалымдардың еңбектері қолданылған. Сондай-ақ қайраткердің ақталуы және мәселенің талқылануы барысында мерзімді басылымдарда Мемлекеттік комиссия мүшелері мен басқа да ғалымдардың  жарияланымдары пайдаланылды.

Мақаланың негізгі әдіснамалық ұстанымдары: тарихилық, объективтілік, жан-жақтылық, пәнаралық байланыс. Зерттеудің негізін құрайтын материалдар хронологиялық тәртіпте талданған.

Зерттеу нәтижесінде Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты тергеу материалдары, тағылған айыптар мен сол айыптардан ақтау үдерісі толыққанды талданып, оқиғалар хронологиясы жаңа деректер негізінде толықтырылды.  

ХІХ ғ. (1881 ЖЫЛҒА ДЕЙІН) ТҮРІКМЕН ҚОҒАМЫНЫҢ САҚШЫЛАРЫ: ЖАСАУЫЛДАР, ФЕРРАДЖДАР ЖӘНЕ ҚАРАУЫЛ КҮЗЕТШІЛЕРІ

ХІХ ғ. түрікмен қоғамында тәртіп жергілікті сақшылар – жасауылдар мен феррадждар (қатардағы тәртіп сақшысы) көмегімен сақталды. Ру хандары қарамағында 150-ге дейін жауынгер болған. Ал тайпалардың рубасы 2 000 атты әскерге дейін ұстай алған. Мұндай ірі жасақтарды жасауыл-басы басқарды. Сақшылардың басты міндеті қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету болды. Тайпалық хан тапсырмасы бойынша тәртіп сақшылары халықты қоғамдық жұмыстарға жұмылдырып, жұмыстардың орындалуын қадағалаған. Сонымен қатар алқап шекарасында қарауыл қызметі де болған. Ол алқапты қорғауды және керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Қарауыл қызметін қарауыл-басы басқарған.

Жасауыл-басы мен қарауыл-басы қызметіне беделді тұлғалар сайланып, жалпы жиын – мәслихат арқылы бекітілген. Жасауыл-басы мен қарауыл-басы тікелей тайпалық ханға бағынған. Сақшылар қатаң тәртіпке бағындырылып, қызметті бұзған жағдайда тиісті жазаларға тартылған.

Осы зерттеудің мақсаты – жасауылдар мен феррадждардың бейнесін, олардың түрікмен қоғамындағы рөлі мен қызметін қалпына келтіру болды. Алға қойылған міндетті шешу барысында тақырыпқа қатысты барлық тарихи, әдеби және фольклорлық материалдар талданды. Зерттеуде қолданылған кешенді әдістер қолда бар деректерді салыстыруға және зерттеліп отырған мәселе бойынша тұтас көрініс жасауға мүмкіндік берді.

ХАСАНБЕК РУМЛУДЫҢ «АХСАН АТ-ТАУАРИХ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ГЕНЕАЛОГИЯСЫ (БЕС ҚОЛЖАЗБА КӨШІРМЕСІ МЕН БІР БАСПА БАСЫЛЫМЫНЫҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУЫ)

Бұл зерттеуде Ахсан ат-Таварих шығармасының Хасанбек Румлу тарапынан жазылған әртүрлі тізімдеріне деректанулық талдау жүргізілді. Аталған қолжазбалар Нуруосмание кітапханасы (Стамбул), Малик кітапханасы, Иран парламенті кітапханасы қорларында сақталған, сондай-ақ Тегеран қаласында жарық көрген баспа нұсқасы қарастырылды. Негізгі назар қолжазбалардың әртүрлі тізімдеріндегі Қасым хан мен Хақназар ханның генеалогиясын салыстыруға аударылды.

Генеалогияның әртүрлі мәтіндік нұсқаларын салыстыру, тарихи тұлғалардың есімдерін өзара сәйкестендіру арқылы көшірушілердің ықтимал қателіктерін, мәтіндік бұрмалануларды анықтау және қазақ хандарының генеалогиясының шынайылығын нақтылау осы мәселені зерттеушілер үшін үлкен маңызға ие.

Зерттеу барысында қойылған міндеттердің бірі - генеалогиялық тізбектегі буындарды басқа тарихи дереккөздермен салыстыра отырып қайта қалпына келтіру. Зерттеудің өзектілігі қолжазба деректерін салыстырмалы түрде талдау негізінде қазақ хандарының генеалогиясын нақтылау және сыни тұрғыдан қайта пайымдау қажеттілігімен айқындалады.

Қазақ билеушілерінің әулеттік тарихына арналған бірқатар еңбектер болғанымен, ортағасырлық жылнамалардың әртүрлі тізімдеріндегі генеалогиялық мәліметтерге қатысты көптеген мәселелер бүгінгі күнге дейін жеткілікті дәрежеде зерттелмей келеді. Осыған байланысты Ахсан ат-Таварих негізінде генеалогиялық желіні қайта қалпына келтіру және ұсыну әрекеті жасалды.

Сонымен қатар, Урус ханнан Қасым ханға дейінгі генеалогиялық желі зерттеушілер арасында айтарлықтай келіспеушілік туғызбайды.

     

XIX–XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ МЕЦЕНАТТЫҚТЫҢ ТАРИХИ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

Мақалада XIX ғасыр – XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы меценаттықтың тарихи эволюциясы дала өңіріндегі модернизациялық трансформациялар кезеңінің кең әлеуметтік-экономикалық және мәдени-саяси контексінде кешенді түрде талданады. Зерттеудің мақсаты меценаттықтың генезисін дәстүрлі өзара көмек пен ұжымдық ынтымақтастық институттары аясында айқындау, сондай-ақ оның негізгі бағыттарын – діни, ағартушылық, мәдени және қоғамдық-саяси қырларын жүйелі түрде талдау болып табылады. Ерекше назар тек экономикалық факторлар ғана емес, сонымен қатар модернизациялық серпін мен әлеуметтік көшбасшылықтың тасымалдаушылары ретінде көрінген бай-кәсіпкерлердің қызметіне аударылады. Олардың филантропиялық белсенділігі Ресей империясының отарлық саясаты жағдайында ұлттық интеллигенцияның қалыптасуына, білім беру инфрақұрылымының дамуына, азаматтық бастамалардың нығаюына және қоғамдық өзіндік сананың кеңеюіне ықпал етті.  Кең ауқымды архивтік және жарияланған дереккөздер негізінде меценаттықтың қауымдық қолдаудың дәстүрлі формаларынан анағұрлым ұйымдасқан әрі институционалданған қайырымдылық тәжірибелеріне қарай біртіндеп трансформацияланғаны туралы қорытынды негізделеді. Нәтижесінде меценаттық айқын ағартушылық және қоғамдық-саяси сипатқа ие болып, мешіттер мен медреселер салудан бастап зайырлы мектептер, кітапханалар мен мәдени орталықтар ашуға, мерзімді баспасөзді қаржыландыруға және «Алаш» ұлттық қозғалысын қолдауға дейінгі ауқымды қамтып, қоғамдық консолидацияның маңызды факторына айналды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕРГІЛІКТЕНДІРУ САЯСАТЫНЫҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ ДИСКУРСЫ

Мақалада библиографиялық материалдарды талдау негізінде Қазақстанда ертекеңестік кезеңде жүзеге асырылған жергіліктендіру саясаты мәселелерінің тарихнамалық дискурсы сипатталған. Авторлар аталған саясатқа қатысты отандық, кеңестік және шетелдік зерттеушілердің ғылыми көзқарастары мен зерттеу тәсілдерін қарастырған. Кеңестік дәуірге тән идеологиялық тұрғыдан негізделген бағалаулардан бастап, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан неғұрлым сыни, жан-жақты қайта пайымдауға дейінгі интерпретациялардың өзгерістері сипатталған. Мақаланың мақсаты – ұлттық мүдделерді және қазіргі деколонизациялық ұстанымды ескере отырып, өткенді объективті түрде қайта құрастыруға бағытталған ғылыми тәсілдер мен құндылықтық бағдарлардың өзгерісін айқындайтын көзқарастар эволюциясын зерделеу. Мақаланың міндеттері: кеңестік, отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттердегі саясаттың тарихнамалық дискурсының қалыптасу кезеңдерін талдау, Қазақстандағы жергіліктендіруді зерттеудің ғылыми тәсілдерін  жүйелеу,  ұлттық саясатты ғылыми тұрғыдан пайымдауға әдіснамалық және құндылықтық бағдарлардың, жалпы контекст өзгерісінің әсерін айқындау.

Жергіліктендіруді зерттеу кеңестік жүйе жағдайында ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру тәжірибесін, сондай-ақ көпұлтты мемлекеттегі этностардың өзара әрекеттесуін талдауға бағытталған. Бұл тарихтың «ақтаңдақ беттерін» ашуға, сондай-ақ полиэтникалық қоғамды біртұтас саяси ұлт ретінде қалыптастыру идеясы аясында саясаттың маңызы мен әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ЖАҺАНДЫҚ ДИСКУРСТА ҰСЫНУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК КӨРМЕЛЕР ТӘЖІРИБЕСІ

Мақалада әлемдік көрмелер феномені жаһандық мәдени коммуникацияның және өркениеттер диалогінің маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Авторлар әлемдік және халықаралық көрмелердің тарихи эволюциясын, олардың ұлттық тарихи-мәдени мұраны таныстырудағы рөлін өркениеттік тәсіл (civilizational approach) тұрғысынан талдайды. Мақалада Қазақстанның халықаралық деңгейде көрмеге қатысу және құру тәжірибесін ХІХ ғасырдан бастап осы кезеңге дейін салыстырмалы түрде көрсете отырып, оның ерекшеліктері мен айырмашылықтары, ұқсастығы ғылыми тұрғыда зерделенеді.

Зерттеудің мақсаты ғылыми айналымға енген теориялық материалдарда, архивтік және музейлік құжаттарда жарияланған мәліметтер негізінде түрлі кезеңде дүниежүзілік көрмелерде ұсынылған қазақ халқының ұлттық тарихи-мәдени мұра коллекцияларының тағдыры мен оларды қалыптастыру барысын зерделеу. Мақаланы дайындау кезінде 1867, 1868, 1876, 1896 жылдары өткен Париж көрмесі, соның ішінде 1899 және 1900 жылғы Париж көрмесіне Ресей империясының ұйымдастыруымен Жетісу және Түркістан уездері мен Ыстықкөл өңірінен жеткізілген экспонаттар туралы архивтік құжаттар, экспонаттарды жинақтау, каталогтеу, тізбелеу, қаржылық шығындарын есептеу және т.б. дереккөздер, хат алмасу құжаттары сарапталды. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінің, Әбілхан Қастеев атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік өнер музейінің халықаралық көшпелі музейлік көрмелік жобалары туралы ақпарат зерделеніп, талдау жасалды.

Ғылыми мақалада көрмені ұйымдастырудың кезеңдері, идеялық мәні, концептуалдық негіздері, көрмеге қойылған құнды заттардың іріктелуі, атрибуциясы, шетелдік көрерменге ұсынудың заманауи, жаңашыл форматтағы тәсілдері қарастырылған.

КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МУЗЕЙЛЕР, КЕСКІНДЕМЕ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯ

Кеңес Одағында музейлер тек заттарды сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар тарихты қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, көрнекі әлемді идеологиялық тұрғыдан түсіндірді. Бұл жүйеде кескіндеме социалистік еңбекті, прогресті және ұжымдық тепе-теңдікті бейнелеу құралы ретінде қызмет етті.

Мақалада Кеңес Одағы кезінде салынған картиналардың Қазақстан музейлерінде қалай қойылғаны зерттеліп, олардың мағынасын бірізді түсіндіру үшін кураторлық  стратегиялар талданады. Зерттеу сыни музеология және визуалды мәдениет талдауларына сүйеніп, сталиндік «сөйлейтін музей» тұжырымдамасын дамытады.

Сапалық тарихи-интерпретациялық тәсілді қолдана отырып, мақала сол кезеңдегі кескіндеме туындыларына визуалды талдау жүргізеді және көрме мәтіндеріне, экспозиция жазбаларына, этикеткаларға, каталогтерге, сондай-ақ көрме ұйымдастыру тәсілдеріне дискурсивті және кеңістіктік талдау жасайды. Мысал ретінде Ә. Қастеевтің,                       М.  Қисамединовтің және алпысыншы жылдар буынына жататын суретшілердің еңбектері қарастырылады.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кескіндеме туындылары қатаң бақылауға алынған шеңберге енгізілмеген жағдайда, идеологиялық тұрғыдан қауіпті нысандар ретінде қабылданған.

Мақалада Қазақстандағы кеңестік кезеңдегі кескіндеме дербес эстетика тәжірибесі ретінде емес, социалистік музей ағарту жүйесінің шеңберінде реттелген визуалды тіл ретінде қызмет еткенін дәлелдейді. Музейдің визуалды мағынаны қалыптастырудағы рөлін айқындай отырып, мақала кеңестік музеология, социалистік визуал мәдениет және Орталық Азия өнері тарихы саласындағы зерттеулерге үлес қосады және экспозиция тәжірибесі социализмді көрнекі, түсінікті және идеологиялық тұрғыдан қауіпсіз етіп көрсеткенін дәлелдейді.