Мәзір

Жариялау этикасы

Журнал редакциясы өз қызметінде «Зерттеу нәтижелерін жариялау жауапкершілігі: авторларға арналған халықаралық стандарттар» кодексін және Жарияланымдар этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics, COPE) ұсынымдарын басшылыққа алады.

Баспагер қызметіндегі жарияланым этикасының қағидалары:

1. Жарияланым этикасы Редакциялық алқа, редакторлар, рецензенттер және авторлар арасында этикалық қағидалардың сақталуына жағдай жасайды.

2. Журналдағы жарияланым этикасының стандарттары бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, сондай-ақ журнал редакциясына қатысты талап-шағымдар туындаған жағдайда қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.         

3. Журналдың редакциялық саясаты қағидаларына сәйкес, ашық қолжетімділік талаптарын қоспағанда, редакция жарияланым үдерісіне қатысты барлық ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.

 4. Редакция объективтілік пен ашықтық қағидаттарына сүйене отырып, ғылыми мақалаларды рецензиялау нәтижелері негізінде авторлық еңбектерді еркін таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

         Редакция алқасы қызметіндегі жариялау этикасының қағидалары:

1. Журналдың Редакциялық алқасы мақаланың рәсімделу талаптарына сәйкестігі мен сараптама нәтижелеріне негізделе отырып, жариялау туралы түпкілікті шешімді қабылдайды.

2. Жариялау туралы шешім қабылдаған уақытта Редакциялық алқа журналдың редакциялық саясатын басшылыққа алады. Ғылыми және жариялану этикасы нормаларының немесе авторлық құқықтардың бұзылуы анықталған жағдайда, плагиат қамтылған мақаланы жариялауға тыйым салынады.

3. Редакция автор (лар) ұсынған мақалаларды журналға жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы шешім қабылдауға жауапты.

4. Егер деректердің шынайылығы күмәнді болса немесе олар ғылыми және жариялау этикасын бұзу нәтижесінде алынған болса, эксперименттік қателіктер анықталса, редакцияға алдын ала хабарланбай басқа басылымдарда жарияланған болса, плагиат немесе этикаға қайшы зерттеулер туралы ақпаратты қамтыса, редакция мақалаға қатысты кері қайтарып алу (ретракция) рәсімін жүргізуге міндетті.

5. Редакциялық алқа рецензиялауға ұсынылған мақаланы автор(лар), рецензенттер және баспагерден басқа ешкімге жария етпеуге міндетті. Редакцияға ұсынылған кез келген мақала құпия құжат болып есептеледі және үшінші тұлғалармен талқыланбауы немесе көрсетілмеуі тиіс.

6. Редакция жариялаудан бас тартылған мақалаларды автор(лар)дың жазбаша келісімінсіз пайдаланбауға кепілдік береді.

7. Редакция жариялау үдерісіне қатысушылардың барлығынан мүдделер қақтығысы (егер бар болса) туралы ашықтықты талап етуі тиіс.

8. Егер Редакциялық алқа мүшелерінің авторлармен мүдделер қақтығысы болса, олар бұл туралы ғылыми редакторға хабарлауға міндетті, ал ғылыми редактор мұндай жағдайда рецензияны мүдделер қақтығысы жоқ басқа редакция мүшесіне тапсырады.

9. Редакциялық алқа журналды дамытуға және жетілдіруге, пікірлер еркіндігі қағидаттарын сақтауға және авторлар мен оқырмандардың кәсіби ғылыми қажеттіліктерін қанағаттандыруға құқылы.

10. Редакциялық алқа авторлардың, рецензенттердің және баспагердің коммерциялық немесе өзге де мүдделеріне байланысты мақаланы жариялаудан бас тарту туралы шешімдер қабылдауға жол бермеуі тиіс.

11.Редакциялық алқа жариялау этикасы стандарттары, нормалары мен қағидаттарының бұзылу белгілері, этикаға жат мінез-құлық, плагиат, өзіндік плагиат, шамадан тыс өзін-өзі дәйексөздеу немесе мүдделер қақтығысы анықталған мақалалар үшін жауапты болып табылады.

12. Егер редакция немесе Редакциялық алқа мүшелерінің кез келгені ғылыми немесе жариялау этикасының бұзылу фактілерін анықтаса, бас редактор Редакциялық алқа шешімі негізінде жарияланымды кері қайтарып алу рәсімін жүргізуге міндетті.

13. Редакцияға автор(лар) ұсынған немесе бұрын «Мәдени мұра» журналында жарияланған қолжазбаға қатысты бір немесе бірнеше тұлғадан келіп түскен, толық аты-жөні мен байланыс деректері (ұялы телефон нөмірі, пошта мекенжайы және электрондық пошта мекенжайы) көрсетілген, ғылыми сипаттағы бұзушылықтар немесе жариялау этикасының стандарттары, нормалары мен қағидаттарының сақталмауына қатысты шағымдар болған жағдайда, Редакциялық алқа оларды қарауға және бас редактор немесе оның орынбасары қол қойған жауапты қағаз немесе электрондық форматта, шағым түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзім ішінде ұсынуға міндетті.

14. Анонимді шағымдар қарастырылмайды.

15. Редакция ғылыми және жариялау этикасының бұзылу фактілері көрсетілген жеке тұлғалардан (немесе топтардан) түскен шағымдарға қатысты негізделген шаралар қабылдауға міндетті.

16. Егер шағымда көрсетілген дәлелдер расталса, редакция мақаланы жариялаудан бас тартуға және осы мақала бойынша автор(лар)мен одан әрі ынтымақтастықты тоқтатуға немесе бұрын «Мәдени мұра» журналында жарияланған мақаланы кері қайтарып алу рәсімін жүзеге асыруға құқылы.

Ғылыми жарияланым авторына арналған этикалық қағидалар:

 1. Автор(лар) мақаласын журнал редакциясына ұсына отырып, және оның бұрын жарияланбағанына, сондай-ақ басқа басылымдарға жіберілмегендігіне кепілдік береді.

2. Мақаланы бір мезгілде бірнеше журналға ұсыну жариялау этикасы стандарттарын бұзу болып саналады.

3. Автор(лар) мақалада келтірілген зерттеу нәтижелері олардың дербес және түпнұсқа жұмыс болып табылатынына кепілдік береді.

4. Зерттеу бірнеше автордың қатысуымен жүргізілген жағдайда, авторлар тізімінде бірінші болып негізгі автор көрсетіледі.

5. Зерттеуге елеулі үлес қосқан тұлғалар бірлескен авторлар қатарына енгізілуі тиіс.

6. Негізгі автор барлық бірлескен авторлар туралы деректердің мақалада көрсетілуін қамтамасыз етуге міндетті.

7. Мақаланың барлық авторлары қолжазба мазмұны үшін ортақ жауапкершілік атқарады.

8. Автор(лар) мақалада ғылыми сапаға немесе жариялау этикасының стандарттары, нормалары мен қағидаттарына қайшы келетін белгілер (оның ішінде этикаға жат мінез-құлық, плагиат, өзіндік плагиат, шамадан тыс өзіне сілтеме жасау, деректерді ойдан шығару, бұрмалау, авторлықты қолдан жасау, көшіру, мүдделер қақтығысы және алдау) болған жағдайда, оның ұсынылуы үшін толық жауапкершілік көтереді.

9. Егер мақалада басқа авторлардың еңбектерінің фрагменттері немесе олардың идеялары пайдаланылса, міндетті түрде түпнұсқа дереккөздерге библиографиялық сілтемелер көрсетілуі тиіс.

10. Плагиаттың кез келген түрі (дәйексөздерді дұрыс рәсімдемеу, сөздерді өзгерту арқылы иемдену немесе басқа авторлардың зерттеу нәтижелерін, мәтінін, идеяларын меншіктеу) этикаға жат және өрескел бұзушылық болып саналады.

11. Жариялау үдерісінің кез келген кезеңінде қателер немесе дәлсіздіктер анықталған жағдайда, автор(лар) дереу редакцияны хабардар етіп, қателерді түзетуге, сондай-ақ өрескел қателер түзету мүмкін болмаған жағдайда тиісті түсіндірмелерімен Erratum (қателер/баспа қателері туралы хабарлама) немесе Corrigendum (түзетулер) жариялауға міндетті.

12. Егер рецензент, бас редактор, журналдың Редакциялық алқа мүшесінің зерттеу нәтижелерінің шынайылығына қатысты күмәні пайда болса, автор(лар) мақалада келтірілген идеяларды, нәтижелерді немесе дәйек көздерін дәлелдеу үшін қосымша материалдар ұсынуы керек.

13. Автор(лар) сын, ескертулер және мақаланы жариялау мәселелеріне қатысты өзара қатынастардағы этикалық нормаларды сақтауға міндетті.

14. Осы бөлімде көрсетілген этикалық қағидаттардың автор(лар) тарапынан сақталмауы жариялау этикасының өрескел бұзылуы ретінде қарастырылып, мақаланы рецензиялау процесінен немесе жарияланымнан кері қайтарып алуға негіз болуы мүмкін.

Рецензенттерге арналған жариялау этикасы:

1. Рецензент мақаланы объективті түрде рецензиялауға міндеттенеді. Автор(лар)ға қатысты жеке сипаттағы сын пікірлерге жол берілмеуі керек.

2. Рецензент мақаланы қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімін тиісті дәлелдер келтіре отырып негіздеуі тиіс.

3. Рецензент мақаланың шығу тегі, авторлармен жеке қарым-қатынастар немесе коммерциялық мүдделер рецензия мазмұнына әсер етпеуін қамтамасыз етуі қажет.

4. Рецензент өз бағалауы мақаланы жариялау немесе жариялаудан бас тарту жөніндегі түпкілікті редакциялық шешімдердің негізі болып табылатынын, сондай-ақ авторға мақаланы жетілдіруге көмектесетінін есте ұстауы тиіс.

5. Рецензиялауға жіберілген мақала құпия құжат ретінде қарастырылады.

6. Рецензент бас редактордың рұқсатынсыз мақаланы үшінші тұлғаларға көрсетуге немесе талқылауға құқылы емес.

7. Рецензент жарияланбаған мақалаларды таратпауы тиіс.

8. Рецензент рецензиялау барысында алынған ақпаратты немесе ғылыми идеяларды жеке мақсатта пайдаланбауы қажет.

9. Рецензент мақаланың сапасын арттыруға бағытталған қажетті ескертулер мен мәтіндік түзетулерді көрсетуі тиіс.

10. Рецензент қарастырылып отырған мақала мен бұрын жарияланған жұмыстар арасындағы елеулі ұқсастықтарға редакцияның назарын аударуға міндетті.

11. Егер рецензент қолжазбада ғылыми немесе жариялау этикасының бұзылуы, плагиат, дұрыс емес дәйексөз алу, деректерді немесе зерттеу нәтижелерін қолдан жасау фактілері бар деп негізді түрде күмәнданса, ол мақаланың жариялануына жол бермеуі тиіс.

12. Рецензент рецензияны редакция белгілеген мерзімде аяқтауға міндетті. Егер белгіленген мерзімде рецензия дайындау мүмкін болмаса, ол бұл туралы редакцияны хабардар етуі тиіс.

13. Рецензент бәсекелестік, бірлескен жұмыс немесе мақаламен байланысты авторлар мен ұйымдармен өзге де қатынастар салдарынан мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін мақалаларды қарастырмауы тиіс.

14. Егер рецензент өз біліктілігі мақаланы бағалауға жеткіліксіз деп есептесе, ол бұл туралы дереу бас редакторға хабарлап, рецензиялаудан бас тартуы тиіс.

 Жариялау этикасы қағидаларының нормалары мен стандарттарын сақтау:

1. Егер мақалада жариялау этикасының нормалары бұзылған жағдайда, жағдай мұқият қарастырылып, ғылыми жұмыстардың ұжымдық шарттарын және этикалық нормаларды реттейтін құқықтық нормалар қолданылуы тиіс.

2. Жариялану үдерісіне қатысушыларының этикаға жат мінез-құлқына қатысты мәселелерді қарастыру кезінде құпиялылық қағидаты қатаң сақталуы қажет.

3. Этикалық қақтығыстарды шешу талқылау мен пікірталас арқылы жүзеге асырылуы керек.

Жариялау этикасына қойылатын талаптар:

1. Негізділік және сенімділік

2. Зерттеу этикалық стандарттарға және тиісті заңдарға сәйкес жүргізілуі керек.

3. Зерттеушілер деректерді талдау және ұсыну үшін қолайлы әдістерді қолдануы керек.

4. Авторлар өз еңбектері мен жарияланым мазмұны үшін ұжымдық жауапкершілік атқаруы керек.

5. Авторлар мәтіндік деректерді және тұжырымдардың негіздемесін мұқият тексеруі керек.

6. Адалдық.

7. Зерттеушілер деректерді бұрмаламай, дұрыс нәтижелерді ұсынуы тиіс. Суреттер (микрофотосуреттер, фотосуреттер және т.б.) ешқандай өзгеріссіз берілуі қажет.

8. Зерттеушілер әдістер мен нәтижелерді дәл әрі бірмәнді сипаттауға ұмтылуы тиіс.

9. Зерттеулерге демеушілік көрсететін тараптар өз өнімдері немесе ұстанымдарына қатысты теріс нәтижелердің жариялануына кедергі келтіре алмайды (қауіпсіздік мәселелері бойынша мемлекеттік құпияға жатқызылған зерттеулерден басқа жағдайлар).

10. Егер авторлар жіберілген, қабылданған немесе жарияланған жұмыста қателік анықтаса, олар бұл туралы редакторға дереу хабарлауға тиіс. Авторлар жарияланған деректерді түзету немесе жоққа шығару процесінде редакциямен ынтымақтасуы қажет.

11. Автор ұсынған деректер дәйексөздер мен ескертпелерде дәл берілуі тиіс.

12. Авторлар тиісті жұмысты оқымайынша, басқа басылымдардың сілтемелерін көшірмеуі керек.

13. Жаңа нәтижелер бұрынғы зерттеу деректерімен салыстырыла отырып ұсынылуы қажет. Басқа авторлардың еңбектері әділ түрде көрсетілуі тиіс. Ғылыми шолулар мен жинақтамалар гипотезаны қолдайтын да, жоққа шығаратын да барлық тұжырымдарды қамтуы керек.

14. Зерттеудің шектеулері жарияланымдарда көрініс табуы керек.

15. Тұпнұсқалылық.

16. Авторлар жұмыстың түпнұсқалығы үшін және оның бұрын басқа басылымдарда немесе басқа тілдерде жарияланбағаны үшін жеке жауапкершілік көтереді. Редакторлардың келісімінсіз бір уақытта бірнеше басылымға ұсынуға жол берілмейді. Егер бір зерттеу негізінде бірнеше мақала жарияланса, бұл факт оқырманға анық көрсетілуі тиіс.

17. Авторлық құқыққа қатысты қолданыстағы заңдар мен халықаралық конвенциялар сақталуы тиіс. Көшірілген материалдар (кестелер, суреттер, көлемді дәйексөздер) міндетті түрде түпнұсқа дереккөзін көрсете отырып берілуі қажет.

18. Басқа зерттеушілердің еңбектері мен жарияланымдары тиісті түрде дәйектеліп, сілтемелер арқылы көрсетілуі тиіс. Барлық пайдаланылған дереккөздер әдебиеттер тізімінде қамтылуы қажет.

19. Басқа зерттеушілер ұсынған деректер, мәтіндер, суреттер немесе идеялар автордың өзінікі ретінде берілмеуі тиіс – басқа авторлардың жарияланымдарынан алынған деректердің түпнұсқалық интерпретациясы тырнақшаға алынуы қажет.

20. Бір ғылыми жоба аясында пайда болған бірнеше жарияланымдар нақты айқындалуы тиіс және бастапқы жарияланымға сілтеме берілуі қажет. Түрлі аудиторияға бейімделген аудармалар мен бейімделген материалдар авторлық құқық талаптарына сәйкес түпнұсқасына сілтеме жасай отырып нақты көрсетілуі тиіс. Авторлар бұрын жарияланған жұмыстарды қайта басып шығаруға дейін бастапқы баспагерден рұқсат алуға міндетті.

Рецензиялау және жариялау:

1. Авторлар баспагерлердің бір мақаланы бір уақытта бірнеше журналға рецензияға ұсынуға жол берілмейтіндігі туралы талаптарын қатаң сақтауға міндетті.

2. Авторлар мақаланы қараудан бас тартқан жағдайда бұл туралы редакцияны дер кезінде хабардар етуі тиіс.

 3. Авторлар рецензенттердің ескертулері мен пікірлеріне кәсіби түрде және белгіленген мерзімде жауап беруге міндетті.

4. Авторлар зерттеу нәтижелерін журналда жарияланғанға дейін жария етпеу туралы баспагер талаптарын сақтауға міндетті.

Авторлар тарапынан берілетін ресми шағымдар және олардың қарастырылу жолдары:

1. Автор(лар) тарапынан этикаға жат мінез-құлық туралы, толық аты-жөні және байланыс деректері (ұялы телефон нөмірі, пошта мекенжайы және электрондық пошта) көрсетіліп қол қойылған шағымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің Этикалық комиссиясына ұсынылады.

2. Этикалық комиссияға жолданған анонимді шағымдар қарауға қабылданбайды.

3. Өтініш беруші(лер) шағымды қараудың кез келген кезеңінде оны кері қайтарып алуға құқылы.

4. Егер Этикалық комиссияға жариялау процесіне қатысушыларға қатысты жариялау этикасының қағидаттары мен стандарттарының бұзылуы туралы шағым келіп түссе, аталған қатысушылар өтініш беруші қол қойған шағымды теріске шығаратын фактілерді (қағаз және/немесе электрондық форматта) Этикалық комиссияның қарауына ұсынуға, сондай-ақ Этикалық комиссия шешіміне қатысты өз ұстанымын (шағымын) ұсынуға құқылы.

Жариялау этикасы бұзылған жағдайда қолданылатын шаралар:

1. Этикалық комиссияға жариялау этикасы қағидаттары мен стандарттарының бұзылуы, сондай-ақ этикалық емес мінез-құлық фактілері туралы шағым келіп түскен жағдайда, ол белгіленген рәсімдерге сәйкес жедел түрде тексерілуі тиіс. Қажетті шаралар бейтарап түрде қабылданады және олардың нәтижелері Этикалық комиссия шешімінің хаттамасы түрінде рәсімделуі тиіс.

2. Этикалық комиссия хаттамасы негізінде немесе жариялау этикасы қағидаттары мен стандарттарының бұзылу фактілерін, сондай-ақ этикаға жат мінез-құлық бойынша қосымша тергеуді талап ететін жекелеген жағдайларда, комиссия редакциялық алқа мүшелерінен (шағым түскен мүшелерді қоспағанда) және тиісті ғылыми сала мамандарынан тұратын этикаға жат  мінез-құлықтың бар-жоғын анықтау мақсатындағы комиссияны тағайындау туралы бұйрық шығаруға құқылы.