Мәзір

Нөмір 113 № 2 (2026): Мәдени мұра №2 (113) 2026

Жарияланды: 2026-06-29

Статьи

МУЗЕЙ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ТАС МҮСІНДЕР: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ЭКСПОЗИЦИЯЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Тас мүсіндер музей коллекцияларында әртүрлі дәуірлердің
көркемдік, рухани және әлеуметтік көріністерін бейнелейтін бірегей артефактілер
ретінде ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер бірнеше дәуірді, атап айтқанда ерте
темір дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі мәдени-тарихи процестерді
қамтиды. Музейлік ортада олар бір мезгілде ғылыми зерттеу нысандары және кең
аудиториямен көрнекі байланыс құралы ретінде қызмет етеді. Аталған қос функция
тас мүсіндерді ғылыми айналымға енгізу, олардың сақталуын қамтамасыз ету
және экспозициялық кеңістікте ұсыну мақсатында дәстүрлі әдістер мен заманауи
тәсілдерді кешенді пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған орай мақалада Қазақстан музейлерінің қорларында сақталған
тас мүсіндер музей заттарының ерекше тобы ретінде қарастырылып, оларды
ғылыми зерттеу және экспозицияда ұсыну мәселелері талданады. Атрибуциялау
мен мерзімдеуге қатысты проблемалар, құжаттау және типологиялық,
иконографиялық талдау әдістері, сондай-ақ тас ескерткіштердің «in situ» күйіндегі
және музейлердегі сақталу жағдайлары талданады. Тас мүсіндердің ұзақ мерзімді
сақталуын қамтамасыз ету мен көрермендерге ұсынуда заманауи технологияларды
қолданудың мүмкіндіктеріне басымдық беріледі.
Сонымен қатар осы топтағы ескерткіштердің музейлерге кезең-кезеңімен
жинақталу алғышарттары қарастырылып, Қазақстандағы тас мүсіндер
коллекциялары сақталған музей қорлары мен оларға қатысты ғылыми
жарияланымдар талданады. Музей коллекцияларындағы және жалпы елімізден
табылған тас мүсіндерге қатысты библиографияға шолу жасалады. Экспозициялық
интерпретация мәселелеріне ерекше назар аударылады.

ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КОНТЕКСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ВИЗУАЛДЫ СТРАТЕГИЯЛАРЫ

Мақала Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұлттық бірегейлікті
қалыптастыру контексіндегі визуалды стратегияларын талдауға арналған. Мәдениеттің
цифрлық трансформациясы жағдайында музейлер мәдени мұраны сақтайтын институт
ретінде ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті таныту мәселелерінде маңызды
рөл атқаратын визуалды стратегиялар кеңінен қолданылатын мәдени кеңістік ретінде
қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – музейдің визуалдық стратегияларын анықтау
және типологиялау, сондай-ақ олардың мемлекеттілік, тарихи сабақтастық және мәдени
бірегейлік туралы түсініктерді қалыптастырудағы рөлін айқындау. Зерттеудің әдіснамалық
құралдары визуалды-аналитикалық, семиотикалық және нарративтік талдауды, сондай-ақ
визуалды антропология элементтерін қамтиды. Бұл музейді визуалды кодтар мен тарихи
мағыналар жүйесі ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.
Зерттеудің әдіснамалық негізін «жады орындары», «елестетілген қауымдастықтар»
және «көрме кешені» тұжырымдамалары, сондай-ақ визуалды антропология тәсілдері
құрайды. Зерттеу нәтижесінде архитектуралық-кеңістіктік стратегиясы, көне мұраны
визуалды сакрализациялау стратегиясы, этномәдени репрезентация стратегиясы,
мемлекеттілікті визуализациялау статегиясы, ұжымдық жадты визуализациялау және
цифрлық репрезентация стратегиясы айқындалды. Аталған стратегиялардың жиынтығы
тарихи сананың тұтас моделін қалыптастырып, өткен кезең қазіргі ұлттық мемлекеттің
негізі ретінде түсінік береді.
Музейдің визуалдық практикалары жады саясатын іске асырудың маңызды құралы
ретінде қызмет атқарып, ұлттық өзіндік сананың нығаюына ықпал ететіні туралы
қорытынды жасалды. Зерттеу нәтижелері музеология, визуалды антропология, мәдени
саясат, археология және этнология салаларындағы мамандар үшін пайдалы болуы мүмкін.

АЛТЫН АДАМНЫҢ ҚАНҚА СҮЙЕГІН ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ МУЗЕЙЛЕНДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ЗАМАНАУИ ӘДІСТЕРІ МЕН ЦИФРЛАНДЫРУ

Аңдатпа. Мақала 1970 жылы Есік қорғанынан табылған сақ мәдениетінің бірегей археологиялық кешені – Алтын адамды музейлендіру, консервациялау және цифрлық репрезентациялау мәселелерінің теориялық және практикалық аспектілеріне арналған. Зерттеуде бұл ескерткіштің Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасы жүйесіндегі орны, сондай-ақ тарихи жадыны, символдық саясатты және ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі қарастырылады.

Пәнаралық тәсіл негізінде Алтын адамды зерттеу мен музейлік экспозицияға енгізудің негізгі кезеңдері, сондай-ақ К. Ақышев, А. Ақышев, А. Танабаев және Қ. Алтынбеков жасаған реконструкциялар талданады. Ескерткіштің сыртқы келбетін қалпына келтірудің әдіснамалық мәселелеріне және қазіргі музейлік тәжірибе мен цифрлық гуманитаристика контексінде оның тарихи-мәдени мәртебесін интерпретациялау ерекшеліктеріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар визуалды реконструкциялардың ғылыми дәлдігі, оларды верификациялау өлшемдері және цифрлық технологиялардың археологиялық мұраны сақтау, тарату және дәріптеу үдерістеріне ықпалы зерттеледі.

Мақалада мәдени мұраны сақтаудың халықаралық стандарттарына негізделген Алтын адамды консервациялау, реконструкциялау және цифрлық репрезентациялаудың бірыңғай ғылыми қағидаттарын әзірлеу қажеттілігі негізделеді. Зерттеу нәтижесінде ескерткішті ғылыми тұрғыдан негізделген интерпретациялау моделін қалыптастыру жалған ғылыми реконструкциялардың алдын алудың, нысанның тарихи түпнұсқалылығын сақтаудың және оның ұлттық әрі халықаралық мәдени кеңістіктегі музейлік және қоғамдық коммуникация тиімділігін арттырудың маңызды шарты екендігі туралы қорытынды жасалады.

ҚАЗАҚ КЕСЕҚАБЫ: КӨШПЕЛІ ТҰРМЫСТЫҢ МУЗЕЙЛІК БЕЙНЕСІ

Мақала қазақтардың дәстүрлі көшпелі тұрмысындағы заттық
мәдениет үлгілерінің музей кеңістігіндегі репрезентациясын талдауға арналған.
Зерттеудің нысаны ретінде көшпелі өмір салтында кеңінен қолданылған дәстүрлі
тұрмыстық бұйымдардың бірі қарастырылып, оның тұрмыстық құрал ретіндегі
бастапқы функциясынан музей экспонатына айналу жолы «құрал-экспонат»
трансформациясы аясында қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – дәстүрлі
бұйымның материалдық, функционалдық және семантикалық қырларын айқындап,
музей кеңістігіндегі бейнесін музейтанулық тұрғыдан талдау. Әдіснамалық негізін
заттың мәдени өмірбаяны теориясы, музейлік экспозициялық талдау және
салыстырмалы-типологиялық әдістер құрайды. Зерттеу материалдары ретінде
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі, Өзбекстан тарихи мемлекеттік
музейі және Ресей музейлерінде сақталған ұқсас үлгілер пайдаланылды. Зерттеу
нәтижелері көшпелі тұрмыста қолданылған бұл бұйымның тек практикалық
қызмет атқарып қоймай, эстетикалық, әлеуметтік және символикалық мәнге
ие күрделі этнографиялық нысан болғанын көрсетеді. Сонымен қатар музей
экспозицияларында бұйымның бастапқы функциялық контексті сақталмаған
жағдайда, оның мәдени мазмұны мен мағыналық қабаттары толық ашылмайтыны
байқалды. Қорытындысында дәстүрлі бұйымдарды музейде олардың мәдени және
символдық мағынасымен бірге таныстырудың маңызы айқындалды. Мақалада
кесеқап жәрмеңкелік сауда арқылы қалыптасқан көшпелі тұрмыстың бейімделу
тәжірибесінің материалдық көрінісі және музейлік репрезентация объектісі ретінде
қарастырылады

ҚАЗАҚСТАН ПАЛЕОЛИТІН ЗЕРТТЕУДЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-ҒЫЛЫМИ ПӘНДЕРДІҢ КЕЙБІР ӘДІСТЕРІ ТУРАЛЫ

Мақалада Қазақстан палеолиті ескерткіштерін зерттеуде қолданылатын жаратылыстану-ғылыми пәндердің кейбір әдістері қарастырылады. Адамзаттың ежелгі тарихын зерттеудегі пәнаралық тәсілдің маңызы талданады. Археологиялық нысандардың жасын, табиғи ортаның ерекшеліктерін және ежелгі адамның шаруашылық қызметін нақтылауға мүмкіндік беретін геология, геоморфология, палеонтология, радиометриялық мерзімдеу, трасология және палеоэкология әдістеріне ерекше назар аударылады. Палеолит дәуірінде Қазақстан аумағын қоныстану үдерістерін қайта жаңғыртудағы жаратылыстану-ғылыми зерттеулердің рөлі көрсетілген. Заманауи аналитикалық әдістерді кешенді қолдану ежелгі қоғамдардың мәдени және технологиялық ерекшеліктерін тереңірек түсінуге, сондай-ақ археологиялық интерпретациялардың ғылыми дәлдігін арттыруға ықпал ететіні атап өтіледі.

Осы саладағы зерттеулердің одан әрі дамуы қашықтықтан зондтау технологиялары мен зертханалық талдау әдістерін енгізумен байланысты. Далалық және камералдық деректерді біріктіру ежелгі табиғи-мәдени кешендердің неғұрлым дәл модельдерін құруда ерекше маңызға ие. Болашақ зерттеулердің перспективалары Қазақстандағы палеолит ескерткіштерінің географиялық ауқымын кеңейтуді және олардың хронологиясын нақтылауды қамтиды. Нәтижелерді Еуразияның палеолиттік индустрияларын салыстырмалы талдауда және Қазақстан археология ғылымында жаңа ғылыми тәсілдерді әзірлеуде қолдануға болады. Өңірдегі ғылыми зерттеулердің одан әрі дамуы қазіргі Қазақстан археологиясының басым бағыттарының бірі болып табылады.

КЕЛЕС ӨҢІРІ ҚАЛАЛАРЫ МЕН ҚОНЫСТАРЫНЫҢ ТИПОЛОГИЯСЫ

Мақалада Келес өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен қоныстардың типологиялық ерекшеліктері археологиялық материалдар негізінде қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – өңірдегі ескерткіштердің құрылымдық сипатын, орналасу ерекшеліктерін және қорғаныс жүйелерін саралау арқылы оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеу. Ортағасырлық қалалар мен қоныстарды жіктеу мәселесі археология ғылымында маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты археологиялық әдебиеттерде ескерткіштерді көлеміне, топографиялық орналасуына, құрылыс жүйесіне, мәдени қабаттарының сипатына және қорғаныс құрылыстарының ерекшеліктеріне қарай топтастыру кеңінен қолданылып келеді.

Зерттеу барысында А.Д. Люблинская, В.М. Массон, Э.В. Ртвеладзе, Ю.А. Заднепровский, В.М. Ростовцев, Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич, К.А. Ақышев, К.М. Байпақов, А.Н. Бернштам, П.Н. Кожемяко және М. Елеуов сияқты ғалымдардың еңбектері негізге алынды. Аталған зерттеушілер ортағасырлық қалалар мен қоныстарды олардың көлемдік көрсеткіштері, ішкі құрылымы, орналасқан ортасы және атқарған қызметіне байланысты бірнеше топтарға бөліп қарастырған. Бұл ғылыми тұжырымдар Келес өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді  жүйелеуде маңызды әдістемелік құрал бола білді.

Келес өңіріндегі ескерткіштерді талдау кезінде олардың көлемі үш құрамдас бөліктен тұратын құрылымына (цитадель, шахристан, рабад), қорғаныс қабырғалары мен мұнараларының сақталу деңгейіне ерекше назар аударылды. Сонымен бірге Жетісу және Шу–Талас аймақтарында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері салыстырмалы түрде пайдаланылып, ескерткіштерді топографиялық және фортификациялық белгілеріне қарай жіктеу тәжірибесі қолданылды. Зерттеу нәтижесінде Келес өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен қоныстардың өзіндік типологиялық белгілері анықталып, олардың тарихи-мәдени дамуы, орны мен урбанизация үдерісіндегі маңызы айқындалды.

ҮСТІРТТІҢ СОЛТҮСТІК ЖАРТАСТАРЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖЕЗДІ БЕКЕТІ: ЗЕРТТЕУДІҢ АЛДЫН АЛА НӘТИЖЕЛЕРІ

Мақалада Үстірттің солтүстік шыңқтарында орналасқан Жезды бекіністі қоныс-форпостын зерттеу нәтижелері ұсынылған. Далалық зерттеулер материалдары, керамикалық кешенді, жоспарлану құрылымын және фортификациялық ерекшеліктерді талдау негізінде ескерткіштің мәдени-хронологиялық сипаттамасы мен функционалдық мақсаты нақтыланды. Қоныстың неғұрлым қарқынды өмір сүрген кезеңі ерте ортағасырлық уақытқа (VII ғ. екінші жартысы – IX ғ. бірінші жартысы) жататыны анықталды. Материктік ұлутас плиталарынан мұқият қаланған қорғаныс қабырғалары, атыс мұнаралары, қақпа алдындағы лабиринт және ішкі бөлмелердің жоспарлануы Жезды қонысының Жетіасар мәдениетінің Жетіасар-III кезеңіне жататынын көрсетеді.

Ескерткіш маңынан анықталған жебе тәрізді жоспарлы нысандарға ерекше назар аударылды. Керамикалық материалдар мен мерзімдеуші белгілерді салыстыру олардың қоныспен синхронды екенін көрсетіп, аталған нысандарды аумақты игерудің бірыңғай контексінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ескерткіштің топографиялық орналасуы мен фортификациялық жүйесін талдау Жезды қонысының Жетіасар мәдениетінің таралу аймағының солтүстік шетінде стратегиялық маңызды орын алғанын және, ықтимал, Үстірттің шыңқ аймақтары арқылы өтетін қозғалыс жолдарын бақылап отырғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта Жезды қонысы Жетіасар мәдениетінің ең солтүстік ескерткіші әрі Батыс Қазақстан аумағында алғаш рет анықталып, зерттелген нысан болып табылады.

ТАЛАС-АСА АЛАБЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КЕРУЕН ЖОЛДАРЫНЫҢ БАҒЫТТАРЫН ТАҢДАУДАҒЫ ТАБИҒИ ФАКТОР

Мақаланың мақсаты – б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. ХІІ ғ. аралығында керуен
жолдары өткен қоныстар мен бекеттердің пайда болуының негізгі себебі ретінде
Талас-Аса аймағының сумен қамтамасыз етілу деңгейінің үлестірілу заңдылықтарын
айқындау. Мақалада орта ғасырлардағы керуен бағыттарының траекториясын түпкілікті
айқындаған су теңгерімінің құрылымына әсер еткен табиғи факторларды талдауға басты
назар аударылған. Факторлардың ішінде ең маңыздылары – климаттық ерекшеліктер,
Талас, Аса және кішігірім өзендердің жоғарғы ағысының орографиясы, орта ағысының
геологиялық және гидрогеологиялық құрылымы, сондай-ақ бүкіл бассейн өзендерінің
төменгі ағысындағы тектоникалық фактор. Ежелгі керуен жолдарын анықтау әдісі
ретінде аумақты игерудің басты бекеттерді және ірі қоныстарды байланыстырушы
буындар санатындағы төрткүлдер тізбегін айқындау алынды. Идентификациялаудың
негізіне белгілі төрткүлдердің морфологиялық, морфометриялық белгілерінің кешені
мен орналасудың өзіне тән географиялық критерийлері алынды. Бұл жұмыс дайындық
кезеңінде Google Earth жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Далалық зерттеулер барысында перспективалы аумақтар шегінде қазба жұмыстары жүргізілді.
Тараз – керуен маршруттарының солтүстік, шығыс және оңтүстік бағыттары тоғысқан
Талас-Аса бассейніндегі ең ірі қалалық орталық болған. Испиджаб тарихи-мәдени
аймағынан шыққан сауда керуендері Таразға қарай Теріс өзенінің арнасын бойлай
немесе Күйік асуы арқылы бет алған. Осы тұстан трасса тармақталған: бір маршрут
Қырғыз Алатауының солтүстік беткейлерін бойлай шығыс бағытқа қарай кетсе, екіншісі
– Талас өзенінің аңғарымен солтүстікке, Бетпақдалаға қарай бағытталған.

ҚАРАТАУ ЖАРТАС СУРЕТТЕРІНІҢ ІШКІ СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫН САРАЛАУ

Бұл мақаланы жазуға арқау болып отырған Тянь-Шаньның
солтүстік-батыс сілемі болып табылатын, Қазақстанның оңтүстігіндегі үш облысты
(Жамбыл, Түркістан, Қызылорда) бойлай орналасқан Үлкен Қаратау жотасының әр
кезеңдегі жартас суреттері. Соның ішінде сонау қола дәуірінен бастап, одан кейінгі
ерте темір кезеңдерінің бейнелеу өнерінің арасындағы байланыстарды айқындау
көзделеді. Зерттеуде стилистикалық, иконографиялық, семантикалық және
салыстырмалы-тарихи әдістер қолданылды.
Мақалада Қаратау жартас суреттерінде кездесетін сюжеттік композициялар
мен бейнелердің семантикалық астарына және кезеңдерге байланысты
стилистикадағы өзгерістерге сараптама жасалды. Бұл образдардың қалыптасуында
аймақтың ежелгі тұрғындарының дүниетанымдары мен діни наным-сенімдерін
жазба деректердегі мифологиялық мәтіндер және этнографиялық материалдармен
салыстыра отырып қарастырылды. Жартас суреттерінде жиі кездесетін «егіздер»
тақырыбы, «ғұрыптық шайқас» тақырыбының түпкі астарында әлемдегі «бітпес
күрес» тақырыбы, яғни, дуалистік бағыттағы бинарлық сипаттағы бейнелер
қарастырылып отыр. Қола дәуірінде пайда болып, негізі қаланған кейбір
сюжеттердің өзінен кейінгі ерте темір кезеңінде стилистік өзгеріске ұшырай отырып
қалыпты сюжеттік формаға айналуын байқауға болады. Бұл сюжеттік форма кейбір
образдардың таралу аймағын анықтауға және кезеңдер арасындағы дүниетанымдық
әрі материалдық мәдениетінің сабақтастығын айқындауға мүмкіндік беріп отыр.

XVIII–XIX ғғ. ТӘЖІҒҰЛ-2 ҚАЗАҚ ҚЫСТАУЫНДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ АРХЕОЗООЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

Мақалада Тәжіғұл-2 қазақ қыстауынан алынған остеологиялық материалдардың археозоологиялық талдау нәтижелері ұсынылады. Зерттеудің мақсаты – жануар сүйектерін зертханалық зерттеу негізінде қоныс тұрғындарының шаруашылық қызметінің негізгі бағыттарын айқындау. Зерттеу барысында стандартты археозоологиялық әдістер қолданылып, сонымен қатар жануарлардың денсаулық жағдайын бағалауға мүмкіндік берген палеопатологиялық талдау жүргізілді. Талдау нәтижесінде барлығы 578 сүйек анықталып, оның 494 данасы (86%) түр деңгейіне дейін анықталды. Археозоологиялық зерттеу нәтижелері үй жануарларының негізгі түрлерінің бар екенін көрсетті, оның ішінде уақ мал (Ovis et Capra), ірі қара (Bos taurus), жылқы (Equus caballus), түйе (Camelus bactrianus) және есек (Equus asinus) сүйектері кездеседі. Жабайы фауна қалдықтары ішінде түлкінің краниологиялық элементтері тіркелді. Сандық тұрғыдан уақ мал сүйектері басым (39%), одан кейін ірі қара (33%) және жылқы (26%) сүйектері кездеседі. Түйе мен есек сүйектері аз мөлшерде анықталған. Жас ерекшеліктерін талдау нәтижесінде уақ малдың негізгі бөлігі 1–2 жас аралығында сойылғаны, ал ірі қара негізінен ет-сүт бағытында пайдаланылып, 1,5–4 жас және одан жоғары жаста сойылғаны анықталды. Жылқының жас құрылымы ересек жануарлардың салыстырмалы басымдығымен сипатталады. Сүйек бұйымдар қатарынан жылқының артқы сирағынан жасалған конькидің фрагменті анықталды.

КЕРАМИКАНЫҢ ЦИФРЛЫҚ 3D МОДЕЛЬДЕРІ МОРФОМЕТРИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР КӨЗІ РЕТІНДЕ (ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

Мақала қола дәуірі керамикалық ыдыстарының цифрлық үш өлшемді модельдерін морфометриялық деректер көзі ретінде пайдаланудың аналитикалық мүмкіндіктерін зерттеуге арналған. Зерттеу материалы Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінің қорындағы сынтасты-петров, алакөл және сарғары-алексеев мәдениеттерінің 6 керамикалық ыдысы болды. Үш өлшемді модельдер EinScan-SP сканерімен алынып, MeshLab бағдарламасында өңделді. Морфометриялық талдау музей құжаттамасының деректерімен салыстыру арқылы цифрлық өлшемдердің дәлдігін тексеруді, H/Dm пропорционалдылық индексі бойынша жіктеуді және V көлемі мен S беттік ауданын есептеуді қамтыды. Тексеру нәтижесінде барлық сызықтық параметрлер бойынша ауытқулар 1,85 % – дан  аспайтыны анықталды. №1 үлгідегі Dm параметрі бойынша +3,03 % – дық ауытқу өлшеу қателігі емес, 3D-модельдің горизонталь қимасын талдау арқылы расталған бүйірдің нақты геометриялық асимметриясын көрсетеді. №5 үлгі үшін музей құжаттамасында жоқ Dm мәні цифрлық модель негізінде алынды. H/Dm индексі бойынша 0,61-ден 0,92-ге дейінгі диапазондағы жіктеу мәдени топтар арасындағы типологиялық айырмашылықтарды болашақ кең ауқымды зерттеулер үшін гипотеза ретінде тұжырымдады. Модельдің көлемі мен ауданын есептеу стандартты музей құжаттамасында қолжетімсіз деректерді берді. Алынған нәтижелер Қазақстанның қола дәуірі керамикалық жинақтарын морфометриялық зерттеуде 3D-модельдердің аналитикалық әлеуетін растайды.

ҚЫПШАҚ-ТҮРКІ (ҚҰМАН) ХАЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ МАЖАРЛАРДЫҢ АРҒЫ ТАРИХЫ

Бұл мақалада қыпшақ-түркі (құман) тілдерінде сөйлеген этностық топтардың мажарлардың арғы тарихындағы рөлі қарастырылады. IX ғасырда мажар немесе оногур, сондай-ақ кабар тайпалары Хазар қағанатынан бөлініп шықты. Олар Еділ бойы өңірінен (Этелькезден) қоныс аударып, Карпат ойпатын жаулап алды. Алайда мажарлардың бір бөлігі осы аумақта (Алания мен Башқұртстан жерінде) қалып қойды. X ғасырдан бастап Еділ бойы өңірінде құман және қыпшақ тайпалары үстемдік ете бастады. XIII ғасырда бұл өңір Моңғол империясының құрамына Жошы ұлысы ретінде енді, соның нәтижесінде құман-қыпшақ тілі lingua franca деп аталатын  этносаралық қарым-қатынас құралына айналды. Шығыс мажарлары осы қыпшақ-түркі этностық топтарының арасында ассимиляцияға ұшырады. Моңғол империясының батыс бөлігінің (Жошы ұлысының) ыдырауынан кейін Еділ бойы өңірінде жетекші күш ретінде көшпелі Ноғай Ордасы қалыптасты. Бұл үдеріс қазіргі ноғайлар, башқұрттар, таулықтар (қарашайлар мен балқарлар), құмықтар және Қазан татарлары (Еділ бұлғарлары) сияқты этностардың қалыптасуына ықпал етті. Халықтардың этностық тарихы мен фольклоры (ауызша тарихы) мажар тайпаларының Еділ бойындағы арғы тарихын қайта құруға мүмкіндік беретін маңызды деректерді сақтаған.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ КОСМОЛОГИЯЛЫҚ СИМВОЛДАР МЕН САКРАЛДЫҚ ТҮСІНІКТЕР (ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

Бүгінгі күні халық арасында көшпелі қазақ қоғамының дәстүрлі
ұлттық зергерлік бұйымдарына деген қызығушылық артып отыр. Алайда әшекей
бұйымдарды тек сәндік мақсатта ғана қолдану және оларда бейнеленген ою-
өрнектер мен пішіндердің мазмұндық идеясын жеткілікті дәрежеде білмеу
зерттеу жұмысының басты мәселесінің біріне айналып отыр. Мақаланың мақсаты
– зергерлік әшекейлерде көрініс тапқан аспан әлеміне қатысты символдары
бар этнографиялық жәдігерлердің қазақ өркениетіндегі орны мен маңызын
айқындау. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және арнайы әдістер, соның ішінде
семиотикалық және интерпретация жасау әдістері пайдаланылды. Аталған әдістер
зерттеу тақырыбының мазмұнын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорында
сақталған ХIХ–ХХ ғасырларды қамтитын зергерлік бұйымдардағы космологиялық
символдар мен сакралдық мәні және олардың атқаратын функциясы қарастырылады.
Зерттеу нәтижелері дәстүрлі әшекейлерді тек қана сәндік-қолданбалы бұйым
емес, сонымен бірге космологиялық жүйелермен сабақтас күрделі сакралдық
мағынаға ие этнографиялық мұра ретінде қарастыруға жол ашты. Әшекейлердегі
өрнектер мен пішіндер халықтың табиғат, аспан және адам болмысымен
байланысын көркем түрде жеткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани тәжірибе
ретінде сақталғанын дәлелдейді.

ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНДЕГІ ҚАСҚЫР БЕЙНЕСІНІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СЕМАНТИКАСЫ

Мақалада қазақ мақал-мәтелдеріндегі қасқырдың этномәдени семантикасы қарастырылады. Қасқыр бейнесі қазақ халқының дүниетанымында, мәдени жадында және құндылықтар жүйесінде маңызды орын алатын күрделі мәдени-когнитивтік код болып табылады. Зерттеудің мақсаты – қазақ мақал-мәтелдеріндегі қасқырдың семантикалық құрылымын анықтау және оның этномәдени мазмұнын ашу. Зерттеу материалы ретінде «Бабалар сөзі» жүзтомдығының мақал-мәтелдерге арналған томдарынан қасқыр, бөрі, абадан, бөлтірік және басқа да атауларға байланысты 120-дан астам паремиялық бірлік пайдаланылды. Зерттеуде сипаттамалық, семантикалық, этнолингвистикалық, салыстырмалы және жіктеу әдістері қолданылады. Талдау барысында қасқыр образына қатысты мақал-мәтелдердің қауіп пен жыртқыштық, зұлымдық пен қатыгездік, ашкөздік пен тойымсыздық, батырлық пен батылдық, еркіндік пен тәуекелділік, сондай-ақ бірлік, жолдастық және тектілік ұғымдарын бейнелейтін негізгі семантикалық топтары айқындалды. Сондай-ақ, «қасқыр» және «бөрі» атауларының қолданысында белгілі бір мағыналық жіктеу сақталғаны анықталды: «қасқыр» атауы көбінесе қауіп, жыртқыштық және зұлымдық семантикасымен байланысса, «бөрі» атауы күш, батылдық, еркіндік және тектілік ұғымдарымен сабақтасады. Зерттеу нәтижелері қасқыр образы қазақ дүниетанымындағы көпқабатты этномәдени модель және ұлттық құндылықтар жүйесін, мәдени жад пен дүниетанымдық ұстанымдарды бейнелейтін маңызды тілдік-мәдени кодтардың бірі екенін көрсетті

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЖЕР-СУ ҰҒЫМЫ: МИФОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ ЖӘНЕ МІНӘЖАТ ЕТУ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ

Мақалада түркі халықтарының дәстүрлі дүниетанымындағы «Жер-Су» (Йер-Су) концептісінің мифологиялық және этнографиялық мазмұны қарастырылады. Бүгінгі таңда архаикалық нанымдар мен заманауи экологиялық этика арасындағы сабақтастықты зерделеу, түркі халықтарының ортақ мәдени кодын айқындау тұрғысынан маңызды мәселе болып табылады. Зерттеу мақсаты көне түркі жазба жәдігерлері мен этнографиялық деректерді өзара байланыстыра отырып, Жер-Су ұғымының мифологиялық негіздерін, оның «үш әлем» моделіндегі орнын және қазіргі түркі халықтарында сақталған мінәжат ету тәжірибелерін кешенді түрде талдау болып табылады. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы талдау, герменевтикалық тәсіл және этнографиялық сипаттама әдістері қолданылды. А. Кононов, В. Бартольд, С. Абрамзон, А. Анохин, Ю. Худяков және Қ. Сартқожаұлы, Ә. Төлеубаев, С. Қондыбай сынды ғалымдардың еңбектеріне деректанулық талдау жасалды. «Жер-Су» ұғымының жай ғана ландшафтық атау емес, Тәңірі мен Ұмай деңгейіндегі киелі субстанция және мемлекеттік егемендік символы екені дәлелденді. Орталық Азия түркілеріне ортақ «Жер-Су таюу» секілді ритуалдардың исламдық қабаттармен астасып, діни синкретизм түрінде сақталғаны анықталды. Зерттеу нәтижесі Жер-Су культінің түркі халықтарының этникалық бірегейлігі мен экологиялық мәдениетінің іргетасы екенін айғақтайды. «Жер-Су» түркі халықтарының ортақ культі екенін дүниетанымына қарап, рухани тамыры бір екенін айқындайды.

1920-1930 ЖЫЛДАРЫ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА АРНАУЛЫ ОРТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Мақаланың мақсаты – 1925–1929 жылдары Қазақстанның астанасы
болған Қызылорда қаласында ХХ ғасырдың 20–30-жылдарында арнаулы орта
және жоғары оқу орындарының пайда болуы, қалыптасуы және олардың даму
тарихындағы кейбір күрделі мәселелерді қарастыру. Зерттеу барысында тарихи
құжаттар мен ғылыми әдебиеттерді талдау арқылы Қызылорда қаласында
ХХ ғасырдың 20-жылдарында бірнеше техникум ашылып, олардың екінші
дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін республика экономикасы үшін қажетті
мамандар даярлауда маңызды орын алғаны анықталды. Сонымен қатар мақалада
сталиндік тоталитарлық режимнің бір көрінісі ретінде «кеңестік билікке сенімсіз»
деп танылған халықтарды депортациялау науқанына ұшыраған КСРО-ның Қиыр
Шығыс бөлігіндегі корей этносының бір бөлігінің Қазақстанға жер аударылып, кейін
Қызылордаға орналастырылуы қарастырылады. Осыған байланысты қалада корей
мектептері мен корей тілінде білім беретін педагогикалық институттың қызметі
жолға қойылғаны, алайда большевиктік биліктің талабымен көп ұзамай жабылып,
қазақ және орыс тілінде оқытатын жоғары оқу орнына айналғаны нақты деректер
негізінде сипатталады. Авторлар аталған үдерістерді тың тарихи құжаттар арқылы
талдап, Қызылорда қаласының білім беру тарихындағы осы күрделі кезеңді алғаш
рет ғылыми айналымға ұсынады.

РЕПАТРИАНТТАРДЫҢ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА БЕЙІМДЕЛУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ

Қазақстандағы этникалық репатриант-қазақтардың (қандастардың) еңбек нарығына бейімделуі ғалымдардың назарын көбірек аударады, алайда еңбек интеграциясы мәселелері бойынша өңірлік зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Бұл мақалада Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан қоныс аударған қандастармен жартылай құрылымдалған сұхбаттар негізінде Жетісу аймағындағы репатрианттардың еңбек нарығына бейімдеу стратегиялары зерттеледі. Сапалы деректерді тақырыптық талдау үш түрлі стратегияны анықтады: өзін-өзі жұмыспен қамтумен сипатталатын кәсіпкерлік бейімделу және шағын бизнес құру,  мамандығы бойынша жұмысқа орналасумен анықталатын кәсіптік бейімделу және біліктілігімен байланысты емес, біліктілігі төмен немесе бейресми жұмысқа орналасуды көздейтін мәжбүрлі бейімделу. Бейімделу нәтижелері білім деңгейіне, тілді меңгеруіне, кириллицадағы сауаттылыққа, әлеуметтік желілерді пайдалану тәжірибесінее және шыққан еліне байланысты. Өзбекстаннан келген қазақтар кеңестік институционалдық мұра мен орыс тілін білудің арқасында ресми жұмыспен қамтуға оңай бейімделді, ал Қытайдан келген репатрианттар жазудың сәйкес келмеуіне байланысты ең үлкен кедергілерге тап болды. Барлық топтар үшін туыстық байланыстар мен отандастармен байланыс еңбек нарығына шығудың негізгі арналары болды. Кәсіпкерлік стратегия ең кең таралған реакцияға айналды, бірақ алғашқы таңдау ретінде емес, тілдік кедергілердің, құжаттарды мойындамаудың және ресми жұмысқа орналасудың қолайсыз шарттарының құрылымдық нәтижесі ретінде.

ДӘРУІШТЕР МҰРАСЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ РУХАНИ-МӘДЕНИ КЕЛБЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ МЕН МАҢЫЗЫ

Мақалада ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, дәруіштердің тарихи
орны мен дәстүрдің жергілікті мәдениетке ықпалы сараланады. Қожа Ахмет Ясауи
мектебі қалыптастырған мұра Түркістан қаласының қайталанбас болмысы мен
мәдени бейнесінің іргетасы ретінде қарастырылады. Түркістан өңіріндегі дәруіштік
институттың әлеуметтік-мәдени қызметінің әлеуетін айқындауға басымдық берілді.
Жұмыстың негізгі болжамы (гипотезасы) ретінде дәруіштер мұрасын заманауи
туризм индустриясына жүйелі интеграциялау аймақтың мәдени-тарихи бірегейлігін
сақтаудың басты тетігі екені алға тартылады. Бұл феномен Түркістанның рухани
келбетін айқындап, бүкіл ислам әлемінің мәдени даму бағытына серпін берді.
Дәруіштер құрғақ уағыз айтушылардан жоғары тұрды. Олар халықтың рухани
болмысын қалыптастырушы тұлғаларға айналды.
Дәруіштер дала халқының дүниетанымына сай рухани мектептің негізін қалады.
Сопылық топтардың қажырлы еңбегімен Түркістанда көптеген киелі нысандар мен
теккелер бой көтерді. Уақыт өте келе бұл орындар халықтың діни-мәдени өмірін
біріктіретін негізгі арқауға айналды. Осы тарихи сабақтастық Қазақстандағы рухани
туризмді жаңғырту мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Түркістан қаласы –
бүкіл түркі әлемін біріктіретін киелі орын. Өңірдегі зиярат ету мәдениеті мен тарихи
туризмді дамытуда дәруіштік дәстүрдің қалдырған ізі қайта жаңғырып, бағасын
алуда.
Түркістан тарихында өзіндік із қалдырған дәруіштерге қатысты ғылыми деректер
жүйеленіп, олардың қала болмысын қалыптастыруға қосқан үлесі анықталды.
Дәруіштік мұраның мәдени туризмді байыта түсудегі маңызына баса назар
аударылады. Аталған мәселелер заманауи әлеуметтік антропология мен мәдени
географияның әдістемелік принциптері негізінде кешенді түрде талданады.

Ә.Т. ТӨЛЕУБАЕВТІҢ «РАННЕСАКСКАЯ ШИЛИКТИНСКАЯ КУЛЬТУРА» МОНОГРАФИЯСЫНА РЕЦЕНЗИЯ

Ұсынылып отырған мақалада тарих ғылымдарының докторы, профессор Ә.Т. Төлеубаевтің 2018 жылы жарық көрген «Раннесакская шиликтинская культура» атты іргелі монографиясына ғылыми рецензия ұсынылады. Зерттеу жұмысы Еуразия кеңістігіндегі ерте темір ғасырының ең маңызды орталықтарының бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті жазығының элиталық ескерткіштерін кешенді зерделеуге арналған. Кітапта 2003 жылдан бастап жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері сарапталып, Шілікті-3 қорымындағы Байгетөбе (№1) обасынан табылған үшінші «алтын адамның» материалдары негізінде сақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси даму деңгейіне жаңаша ғылыми баға беріледі. Монография отандық археологияда алғаш рет кең ауқымды мультидисциплинарлық зерттеу әдістерін қолдана отырып, ерте сақ мәдениетінің хронологиясын, технологиялық жетістіктерін және этномәдени байланыстарын тың көзқараспен қарастырады. Рецензияда монографияның тарихнамалық орны, методологиялық тәсілі, негізгі ғылыми жаңалықтары мен дискуссиялық тұжырымдары сараланады.