ТҮРІК ДӘУІРІНІҢ ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕНДЕРІ МЕН БЕДІЗ-ТАС МҮСІНДЕРІ: ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТТАМАСЫ
Көне түрік дәуірінде өлікті аттандырудың ерекше жосын-жоралғылары болды. Осы жосын-жоралғылардың бірі рәмізі де аруаққа арналған арнайы ғұрыптық кешен орнату, онда өліктің тірі кезіндегі бет-бейнесін, тұлғасын арнайы таспен қашап сомдайды. Оны көне түріктер «бәдіз» ( көне түрікше: bediz > бедиз тасмүсін) деп атады. Осындай бәдіздер Еуразия кеңістігінде молынан кездеседі, әсіресе бәдіз қашау өнері түрік, қыпшақ дәуірінде ерекше салтқа айналды, ерекше дамыды. Мақалада Ұлы даладағы көне түріктердің ғұрыптық кешендері, оның құрамдас бөлігі - барық (негізгі кешен құрылысы, тастан жасалған қапталдар), бәдіз (тасмүсін), бітіктас (жазулы ұстынтас), күншығысқа бағытталған балбалдар тізбегі мен су арық, топырақ қоршау жүйесі, кірпіштен салынған еден секілді бөліктері жайлы зерттеудің этномәдени мәндері қарастырылған. Көне түріктерде жерлеу орны, жартаста жерлеу және ғұрыптық кешен орнату жосындары болды. Бұлар Түрік қағандығының саяси-әскери құрылымына орай ірілі-кішілі болып келеді. Осы орайда көне түрік тіліндегі ежелгі атауларын жаңғыртуды да көздедік. Зерттеу барысында археологиялық кешендерге тарихи салыстырмалы талдау, терминдердің этимологиялық зерттеуі және жазба деректерді, атап айтқанда, көне түркі жазба ескерткіштері мен қытай жылнамаларын интерпретациялау, сондай-ақ археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған этнографиялық материалдарды талдау қолданылды.