Мәзір
Басылым

«Мәдени мұра»

Ағымдағы шығарылым · Том. 114 № 3 (2026)

Статьи

ӨЗГЕ КӨРІНІСТЕН ТАНЫС БЕЙНЕ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «КЕРЕМЕТ ЖІБЕК» КӨРМЕСІНІҢ НЫСАНДАРЫН ІРІКТЕУ, ВИЗУАЛДЫ ЭКСПОЗИЦИЯЛАУ ЖӘНЕ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТРАНСЛЯЦИЯЛАУ

Ұлы Жібек жолына арналған көрмелер, әдетте, тарихи байланыстар мен мәдени дипломатия тұрғысынан пайымдалады. Мақалада өнер туындыларының көрмені ұйымдастырушы елдің визуалды мәдениеті арқылы ұсынылып, эстетикалық қабылдау нысаны ретінде қалыптасуы зерттеледі. Мысал ретінде 2026 жылғы 2 шілдеден 20 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен Splendid Silk: International Touring Exhibition of Contemporary Chinese Silk Art («Керемет жібек: қазіргі заманғы қытай жібек өнері») көрмесі қарастырылады. Мақалада қытайдың жібек өнері дәстүрлерін Қазақстанның визуалды және материалдық мәдениетімен байланыстыру мақсатында 99 экспонатты іріктеу және таныстыру әдістері талданады. Зерттеу кураторлық материалдарды талдауға, экспонаттарды визуалды тұрғыдан пайымдауға және оларды қазақтың ұлттық киімдерімен, дала жануарларының бейнелерімен және тоқыма шеберлігімен салыстыруға негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, көрме «өзге көріністен таныс бейне» құбылысын қалыптастырады. Інжу медальондар, жануарлардың жұптасқан бейнелері, жылқы мен түйе образдары, ырғақты симметрия, тоқу және кестелеу тәсілдері көрермен үшін таныс қабылдау бағдарларын қалыптастырады. Ал қытай жібегінің мағыналық мазмұны, көркемдік техникасы мен тарихи сипаты өзінің мәдени даралығын сақтайды. Сән өнері туындылары мен цифрлық жұмыстарды көрсету арқылы жібек қозғалыс, уақыт және технология ұғымдарымен сабақтастырыла ұсынылады. Мақалада мәдениетаралық көрмелер мұқият мәдени ерекшеліктерді ескеретін салыстыруға негізделуі, мағыналық айырмашылықтарды сақтауы және эстетикалық талғамның әмбебап сипаты немесе әртүрлі мәдени дәстүрлердің ортақ шығу тегі туралы болжамдарға жол бермеуі керектігі атап өтіледі. 

МУЗЕЙДЕГІ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ КОЛЛЕКЦИЯСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ ТҰРМЫСЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ(ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ТУЫНДЫЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ)

. Мақалада Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 1927–1941 жылдары жазылған, қазақтың тұрмысы мен мәдениеті бейнеленген жұмыстары этнографиялық тұрғыдан қарастырылады.

Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын зерттеуде музей коллекцияларындағы бейнелеу өнері туындыларының маңызы ерекше. Олар белгілі бір тарихи кезеңнің әдет-ғұрпын, тұрмыста қолданатын бұйымдарын, киім үлгілерін, дүниетанымдық ерекшеліктерін көркем бейнелер арқылы жеткізеді. Осы тұрғыдан алғанда кескіндеме және графика туындыларын эстетикалық құндылықтың жарқын көрінісі ғана емес, маңызды визуалды тарихи-этнографиялық дереккөз ретінде де қарастыруға болады.

Көркемөнер шығармаларын визуалды материал ретінде ғылыми айналымға енгізу зерттеу тақырыбының өзектілігі болып табылады. Бұл материалдар қазақ этнографиясын зерттеу аясын кеңейтіп, тереңдетуге және құнды мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Бейнелеу өнері туындылары көбіне көркем шығарма ретінде өнертану, мәдениеттану, философия және т.б. ғылым салаларында қарастырылып келгенімен, олардың этнографиялық дерек ретіндегі зерттелу мүмкіндіктері толық  ашылмады. Осы орайда мақалада қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі этнографиялық ұғымдарды ашу мақсатында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің қорындағы суретшінің туындылары негізге алынып, олар музейлік этнографиялық дерек ретінде қарастырылады. Мақалада зерттеу нысанына алынып отырған Әбілхан Қастеевтің шығармашылығындағы қазақ тұрмысындағы ерекшеліктер мен өзгерістер музей ісі, тарих және этнография ғылымдары үшін маңызды деректер болып табылады. Мақаланың мақсаты – қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің шығармашылығын жан-жақты талдау негізінде оның туындыларын қазақ мәдениетін зерттеудегі этнографиялық дереккөз ретінде қарастыру.

КӨПЕС КУБРИНДЕР ӘУЛЕТІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ҚАҢЫЛТЫРМЕН ҚАПТАЛҒАН САНДЫҚ: МУЗЕЙЛІК ЗАТТЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ТҰРМЫСТА ҚОЛДАНЫЛУЫ

Мақалада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорындағы XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басына жататын, тарихы Ақмола көпестері Кубриндер әулетімен байланысты соғылған сандық қарастырылады. Музей құжаттары мен отбасылық материалдарға сәйкес, оның иесі С. А. Кубриннің үйінде үй шаруасын жүргізген Августа Самойловна Никель (Переплеткина) болған.

Зерттеудің деректік негізін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорының мұрағатында сақталған қорлық-есептік құжаттар, бұрынғы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің құжаттамасы, ұрпақтары ұсынған отбасылық фотосуреттер мен өмірбаяндық мәліметтер, сондай-ақ музейлік зат құрады. Әртүрлі жылдардағы құжаттарды салыстыру сандықтың музейге түскенге дейінгі тарихын анықтауға мүмкіндік берді. Сандық туралы алғашқы мәліметтер 1998 жылғы құжаттарда тіркелгенімен, музейге түскен заттар тізімінде ол көрсетілмеген. Сандық Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорына 2014 жылы түскен. 1998 және 2014 жылдардағы құжаттарды талдау оның тұрмыста қолданылу жағдайлары мен музейге түсу мән-жайларын нақтылауға мүмкіндік берді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы – 1998 және 2014 жылдардағы бұрын жарияланбаған музей құжаттарын ғылыми айналымға енгізіп, сандықтың тарихын, тұрмыста қолданылуын және Кубриндер әулетімен байланысын нақтылауда. Зерттеудің мақсаты – сандықтың тарихын және музейге дейінгі тұрмыста қолданылу ерекшеліктерін зерделеу. Нәтижесінде сандық Ақмоланың қалалық материалдық мәдениетін, күнделікті өмір тарихы мен отбасылық жадты бейнелейтін тарихи-мәдени дерек ретінде бағаланады. Зерттеу музейлік құжаттарды салыстырудың заттың атрибуциясы мен тарихын анықтаудағы маңызын да көрсетеді.

АТШҰБАР ҚОНЫСЫНАН ТАБЫЛҒАН КЕЛЬТ ТӘРІЗДІ БАЛҒА

Мақалада Солтүстік Қазақстандағы Атшұбар қонысынан табылған кейінгі қола дәуіріне тән сирек жәдігер – төлкелі кельт тәрізді балға туралы сөз болады. Ескерткіш Көкшетау тау-кен металлургия орталығының құрамына кіреді және білікше керамикалы  мәдениеттер қауымдастығына кіретін сарғарин-алексеев мәдениетінің өндірістік қоныстары тобына жатады. Зерттеудің мақсаты – бұйымның типологиялық тиесілілігін айқындау, оның аналогтарын анықтау, мәдени-хронологиялық орнын нақтылау және мамандандырылған құрал-саймандардың аталған санатының шығу тегін зерделеу. Зерттеу барысында олжа салыстырмалы-типологиялық, морфологиялық және картографиялық тұрғыдан талданды. Құрылымдық сипаты жағынан бұл балға Шығыс Қазақстан, Жетісу, Солтүстік Қырғызстан және Солтүстік-Батыс Қытай бұйымдарына ұқсас, бірақ оның төлкесі ірі әрі сәндік өрнектері жоқ. Кельт тәрізді балғалардың шығыс тобы білікше керамикалы мәдениеттер қауымдастығының металл кешені аясында, жергілікті өндірістік ортаға бейімделген батыстық металлургиялық дәстүрлердің ықпалымен қалыптасқаны туралы тұжырым жасалды. Атшұбар үлгісін ғылыми айналымға енгізу кейінгі қола дәуіріндегі металды өңдеуге арналған мамандандырылған құрал-саймандарға қатысты дереккөздер қорын толықтырып, Еуразия даласының батыс және шығыс бөліктері арасындағы мәдени-технологиялық өзара ықпалдастықтың сипатын нақтылауға мүмкіндік береді.

Жүкей қорымындағы археологиялық зерттеулердің нәтижелері

Ұсынылып отырған мақалада 2025 жылғы далалық маусым барысында Ақмола облысы, Біржансал ауданы, Қызылұйым ауылы маңында орналасқан Жүкей қорымында жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының кейбір нәтижелері қарастырылады. Қорым құрамында жалпы саны 9 нысан анықталған. Олар хронологиялық тұрғыда екі тарихи кезеңді қамтиды: қола дәуірі және кейінгі қазақ уақыты. 2025 жылы жалпы саны 6 нысанға қазба жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде №4 және №8 деп белгіленген екі нысан қола дәуіріне, ал №1-3, 9 деп белгіленген  нысандар этнографиялық уақытпен мерімделеді. Зерттеу барысында табылған археологиялық жәдігерлерге отандық және шетелдік зертханаларда талдаулар жүргізілді. Радиокөміртекті (Вильнюс Радиокарбон, Вильнюс, Литва), антропологиялық (ҚР Ұлттық музейі, Астана, Қазақстан) және металлографиялық (Металлургия және кен байыту институты, Алматы, Қазақстан) зерттеу әдістері қолданылды. Археологиялық материалдар мен зертханалық талдау нәтижелері №4 нысанның ғұрыптық сипаттағы ескерткіш, ал №9 нысанның жерлеу құрылысы болғанын көрсетті. Зерттеу барысында Жүкей қорымының құрылымы, нысандардың функционалдық ерекшеліктері мен хронологиялық мерзімделуіне қатысты жаңа деректер алынды. Кешенді зерттеу нәтижелері қорымның қола дәуіріне жататынын көрсетеді. Алынған материалдар Бурабай өңірінің ежелгі дәуірдегі тарихи-мәдени даму үдерістерін, жерлеу және ғұрыптық дәстүрлерін нақтылауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері Солтүстік Қазақстанның археологиялық ескерткіштерін кешенді зерттеу үшін маңызды дереккөз болып табылады.

ЕГІСТІК КЕСЕНЕСІ: ҒҰРЫПТЫҚ ЖОРАЛҒЫЛАР МЕН ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ ДӘСТҮРІ

Мақалада Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Бәбіш мола археологиялық кешеніндегі Егістік кесенесінен анықталған археологиялық бұйымдар мен олардың ғұрыптық контексті қарастырылады. Зерттеу барысында бұйымдардың құрылымдық және технологиялық ерекшеліктері анықталып, олардың мәдени-тарихи байланыстары мен хронологиялық тиесілілігі нақтыланды. Талдау нәтижелері кешен құрамындағы керамикалық ыдыстар, түсті металл әшекейлері, әртүрлі материалдардан жасалған моншақтар, сондай-ақ полихромды өрнекті текстиль үлгілері жерленген адамдардың жоғары әлеуметтік мәртебесін көрсетті. Кесенеден алынған археологиялық материалдар оның айқын ғұрыптық және символдық сипатын дәлелдейді. Сонымен қатар, кесенеден табылған остеологиялық материалдарға археозоологиялық талдау жүргізіліп, жерлеу ғұрпымен байланысты үй және жабайы жануарлардың қаңқа қалдықтары анықталды. Барлығы 126 сүйектің таксономиялық құрамы, жас ерекшеліктері және анатомиялық құрылымы бойынша жүргізілген зерттеу археозоологиялық коллекцияның арнайы іріктеліп қалыптасқанын көрсетті. Алынған мәліметтер жануарлардың жерлеу рәсімі мен культтік дәстүрлерге байланысты құрбандық шалу және қайтыс болғандарды еске алу рәсімдерінде пайдаланылғанын аңғартады.

ЖИЕНБАЙ ҚЫСТАУЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ

Қазақ қыстаулары – зерттелу деңгейі жағынан Қазақстан археологиясында өз деңгейінде қарастырылмай келе жатқан тақырыптардың бірі. Мақалада 2025 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Тайбай ауылының аумағында орналасқан Жиенбай қыстауында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері берілген. Зерттеу барысында қысату аумағында орналасқан 5 үй мен оларға жапсарлас орналасқан қора-жайлардың қалдығы және қорым (бейіт) анықталды. Осы нысандардың бірінде стратиграфиялық қазба салынып, екі бөлмелі үйдің қалдығы мен қора-жайдың жартысы ашылып, қазан, құман, ожау, балта сиқты өзгеде көптеген тұрмыстық заттар табылды. Осыған ұқсас зерттеулермен салыстырмалы талдаулар негізінде тарихи атрибуциясы айқындалды. Қазба кезінде табылған органикалық қалдықтар (мал сүйегі) бойынша радиокөміртекті мерзімдеу жасалып, ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында өмір сүргендігі нақтыланды. Зерттеу барысында жазба деректерді пайдалану арқылы зерттеу нысанының орналасқан жері мен шаруашылық сипаты жөнінде белігер алынды. Қыстау маңындағы қорымнан табылған құлпытасқа қашалған төте жазуды оқу арқылы ол жердегі жерленген адамның есімі анықталып, қорым мен қыстаудың Ақмола уезі, Қоржынкөл болысы, Қанжығалы руынан шыққан Ыбырайұлы Жармұхаммедтікі екені белгілі болды. Осы деректі негізге ала отырып, Щербина экспедициясының материалдарымен салыстырылып, толықтырылды. Жиенбай қыстауындағы археологиялық және пәнаралық зерттеулердің нәтижелері ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы Ерейментау өңірін мекендегін қазақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрмысты және тұрақты тұрғын-үйдің тарихи-топографиялық құрылы, құрлыс сипаты мен орналасу ерекшеліктері жөнінде тың ақпараттар береді. Бұл деректер арқылы қазақ халқының үй салу дәстүрін, шұғыл континенттік аймақтағы климаттық құбылыстарды ескере отырып, оңтайлы экожүйеде орналасу және оны пайдалану мәселелерін айқандауға мүмкіндік болып отыр.

ҚИМАҚ ҚАҒАНАТЫ ХАЛҚЫНЫҢ ЖЕРЛЕУ ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ СӘУЛЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мақалада Қимақ қағанаты халқының жерлеу құрылыстарының сәулеттік ерекшеліктері Еуразияның далалық аймағындағы ерте орта ғасырлар дәуірінің тарихи-мәдени үдерістерін зерттеудің маңызды дереккөзі ретінде қарастырылған. Шаршы, тікбұрышты және сопақша пішінді тас қаламалар-қоршаулар, кейде ұзын обалар түзетін құрылымдар, дөңгелек тас, тас-топырақ және топырақ үйінділері, қабір үстіндегі тас және шикі кірпіш қаламалар, сонымен қатар некропольдердің сакралды кеңістігінің қосымша элементтері сияқты жерүсті жерлеу конструкцияларының негізгі түрлеріне талдау жасалды. Қоршаулардың құрылымдық ерекшеліктеріне, салыну технологиясына, бағдарлануы мен жоспарлануына, сондай-ақ әртүрлі құрылыс тастарының қолданылуына ерекше назар аударылған. Сонымен қатар Зевакино, Орлов, Жартас, Леонтьев, Ковалевка, Темір-Қанқа II, Измайловка, Белокаменка, Ақший I, II, III, Қарашат I, II, Сандыққала, Қоғалы I, Аян, Түйетас, Қансар және Меновное VI, XII қорымдарында жүргізілген археологиялық зерттеулердің материалдары келтірілген. IX–XI ғасырлардағы Еуразия далаларында орын алған күрделі этномәдени үдерістер Қимақ жерлеу кешендерінің сәулеттік ерекшеліктерінен көрініс табады. Олар ежелгі түркі халықтарының құрылыс және жерлеу-ғұрыптық дәстүрлерінің сақталуы мен трансформациясын көрсетеді. Зерттеу нәтижелері қимақтардың жерлеу сәулеті мен дүниетанымдық ұстанымдарын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.

САРЫАРҚАНЫҢ XIII–XV ҒҒ. КЕСЕНЕЛЕРІ: ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЖАҢА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР

Мақала Жошы Ұлысы дәуіріндегі Сарыарқаның ғұрыптық-мемориалдық сәулетінің зерттелу тарихы мен қазіргі зерттелу жағдайына арналған. Зерттеудің мақсаты – XVIII–XXI ғасырлардағы тарихнамалық деректер мен археологиялық зерттеулердің нәтижелерін жинақтау, далалық Қазақстанды исламдандыру үдерістеріндегі кесенелердің рөлін айқындау және олардың өңірдің тарихи-мәдени ландшафтын қайта қалпына келтірудегі маңызын бағалау. Зерттеу жазба деректерді, архив материалдарын, археологиялық қазба жұмыстарының, сәулет зерттеулерінің нәтижелерін және жарияланған ғылыми деректерді кешенді талдауға негізделген. Кесенелердің зерттелу тарихының эволюциясы – XVIII–XIX ғасырлардағы саяхатшылар мен әскери топографтардың алғашқы сипаттамаларынан бастап қазіргі заманғы кешенді археологиялық зерттеулерге дейін жүйелі түрде сараланды. Бытығай, Бозоқ, Әулиекөл, Жәнібек-Шалқар, Қызыл Оба, Ұялы және Қоң кесенелерінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде алынған жаңа археологиялық материалдарға ерекше назар аударылды. Бұл деректер XIII–XV ғғ. Сарыарқадағы сәулет өнері, құрылыс дәстүрлері мен жерлеу рәсімдері туралы ғылыми түсініктерді едәуір толықтырды. Зерттеу нәтижелері ғұрыптық-мемориалдық сәулет ескерткіштері исламдық сәулет дәстүрлерінің жергілікті мәдени ортаға бейімделуінің күрделі үдерісін көрсетеді және монументалды сәулет өнерінің дамыған өңірлік мектебінің болғанын айғақтайды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы қазіргі заманғы археологиялық деректерді жинақтап қорыту, жаңа материалдарды ғылыми айналымға енгізу және кесенелердің исламдану үдерістері мен Жошы Ұлысының киелі кеңістігінің қалыптасуындағы негізгі тарихи-мәдени көрсеткіштер ретіндегі рөлін нақтылаудан тұрады.

СЫРДЫҢ ТӨМЕНГІ АҒЫСЫНАН ТАБЫЛҒАН ШЫНЫ БҰЙЫМДАР КОЛЛЕКЦИЯСЫ (ЖЕНТ, ҚҰМҚАЛА, МОРТЫҚ ҚАЛАШЫҚТАРЫ)

Мақалада Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан ортағасырлық қалашықтардан табылған шыны бұйымдарының химиялық құрамын зерттеу нәтижелері қарастырылады. Аталған қалашықтар, оның ішінде Жент, Құмқала және Мортық қалалары, ерте орта ғасырлардан бастап Алтын Орда дәуіріне дейін Ұлы Жібек жолының маңызды сауда және қолөнер орталықтары ретінде қызмет еткен. Осы қалалар арқылы тауарлар мен мәдениет элементтері, соның ішінде шыны бұйымдар, Орта Азияның әртүрлі аймақтарына таралған.

Орта Азияның ортағасырлық шыны бұйымдары исламдық шыны өнерінің құрамдас бөлігі болып саналады, бірақ олардың химиялық құрамы аймақтағы жергілікті шикізаттардың ерекшеліктеріне байланысты өзіндік даралыққа ие. Бұл ерекшелік шыны өндірісінің технологиялық дәстүрлерін, сондай-ақ әрбір қалашықтағы қолөнершілердің тәжірибесі мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік береді. Шыны бұйымдардың құрамын зерттеу арқылы зерттеушілер сол дәуірдегі сауда байланыстары мен технологиялық процестер туралы маңызды ақпарат ала алады.

Сонымен қатар, химиялық талдаулардың нәтижелері шынының әрбір үлгісінің өндіріс әдістері мен технологиялық мектептері туралы түсінік береді. Орта Азия қалаларының шыны бұйымдары басқа аймақтардағы, мысалы, Иран мен Мысырдағы шыны өндірісімен салыстырғанда ерекшеліктерге ие, бұл өңірдің геохимиялық ерекшеліктері мен қолданылған шикізаттарға тікелей байланысты. Осылайша, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан қалашықтардан алынған шыны бұйымдарының зерттелуі тек химиялық құрамды анықтап қана қоймай, сонымен қатар ортағасырлық сауда, технологиялық дәстүрлер мен мәдени өзара ықпалдастықты түсінуге мүмкіндік береді.

СҮТКЕНТ ҚАЛАШЫҒЫН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢА НӘТИЖЕЛЕРІ (2025 Ж. МАТЕРИАЛДАРЫ БОЙЫНША)

Статья посвящена результатам научно-исследовательских работ, проведенных в 2025 г. на археологически слабо изученном городище Сюткент, часто упоминаемом в средневековых арабских и персидских письменных источниках. Цель исследования – проведение раскопок на территории шахристана городища, определение его стратиграфии и хронологии, а также получение новых данных о средневековой городской культуре. Применялись методы археологических раскопок, стратиграфического и радиоуглеродного анализа, функциональной классификации и типологического сопоставления керамических материалов. В ходе раскопок выявлены два строительных горизонта. В хорошо сохранившемся нижнем горизонте расчищены улица шириной 4 м и остатки двух жилых домов, расположенных по обеим ее сторонам. В сооружении №1 зафиксирована Г-образная суфа с дымоходом, а в трехкомнатном сооружении № 2 – остатки суфы и очага. Керамический комплекс, насчитывающий 851 фрагмент, классифицирован по функциональным и типологическим признакам и сопоставлен с материалами Отрарского оазиса, среднего течения Сырдарьи, Шу-Таласского региона и памятников Средней Азии. Результаты показали участие Сюткента в межрегиональных культурных связях и преемственность традиций местного гончарного производства. Согласно данным радиоуглеродного анализа, нижний слой шурфа датируется концом IX – концом X в., а остатки жилых сооружений – серединой XI – серединой XII в. Исследование представило новые данные об архитектуре, материальной культуре и хронологии Сюткента.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЙІНГІ ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ХАЛЫҚТЫҢ ТІРШІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮЙЕЛЕРІ: ПАЛЕОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ

Мақала Солтүстік Қазақстан кейінгі қола дәуіріндегі табиғи ортаны және халықтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін палеоэкологиялық тұрғыдан қайта құруға арналған. Зерттеуде жарияланған археологиялық, палинологиялық, палеотопырақтанулық, археозоологиялық және изотоптық деректер Сандықтау қонысында 2026 жылғы далалық зерттеулер барысында алынған жаңа материалдармен салыстырыла талданады. Зерттеудің мақсаты – табиғи-географиялық жағдайлардың кейінгі қола дәуірі тұрғындарының қоныстану сипатына, тұрақты тұрғын жайлардың қалыптасуына, жайылымдық мал шаруашылығына және өндірістік қызметіне ықпалын анықтау. Зерттеу б.з.д. XV–IX/VIII ғасырлар аралығын қамтиды және Солтүстік Сарыарқа, Торғай ойысы, Қостанайдың Тобыл маңы, Павлодардың Ертіс маңы және Тобыл-Есіл өзенаралық өңірлерінің материалдары қарастырылады. 2026 жылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде Сандықтау қонысынан тұрғын жайдың қалдықтары, қыш ыдыстардың фрагменттері, сүйектен жасалған бұйымдар, мол остеологиялық материал және алдын ала анықталған тары тәрізді өсімдік қалдықтары тіркелді. Сандықтау қонысының материалдары Солтүстік Сарыарқаның өзен аңғарларын тұрақты игеру, мал шаруашылығы, жануарлар шикізатын өңдеу және алдын ала анықталған өсімдік компонентінің қатар дамыған өңір ретіндегі сипатын нақтылай түседі. Зерттеу нәтижелері кейінгі голоцендегі аридтену үдерістерінің өңірлерде әркелкі жүргенін және халықтың тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің аймақтық тұрғыдан әртүрлі болғанын көрсетеді.

А СВЕДЕНИЯ ПО ЭТНОГРАФИИ КАЗАХСКОГО НАРОДА В МАТЕРИАЛАХ И ТРУДАХ Г.Е. КАТАНАЕВА

XVIII–XX ғасырдың бас кезеңінде Ресейдің әскери, ғылыми және мемлекеттік қайраткерлері мен саяхатшыларының Қазақ елінің географиялық және климаттық жағдайларына, оның тарихына, қазақтардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне және т.б. мәселелеріне арналған сан алуан еңбектері жарық көрді. Аталмыш ғылыми мұраның ішінде Г.Е. Катанаевтың да шығармалары маңызға ие. Оның қаламынан шыққан туындылары, негізінен Қазақстан мен Батыс Сібірдің тарихы жөнінде материалдар болып табылады. Соның бір бөлігі қазақ халқының этнографиясы туралы мәліметтер қамтылған. Мақаланың мақсаты – Г.Е. Қатанаевтың материалдары мен еңбектеріндегі қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне қатысты мәліметтерге талдау жасау. Зерттеу мақсатына қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттер қойылды: Г.Е. Катанаевтың жарияланған еңбектеріне шолу жасау; Г.Е. Катанаев жинастырған архив материалдарын талдау; Г.Е. Катанаевтың еңбектерін талдауға арналған тарихнаманың ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу барысында авторлар Г.Е. Катанаевтың материалдары мен еңбектеріндегі этнографиялық мәліметтерді үш топқа бөлуге болады деген байламға келді. Атап айтқанда, қазақ халқының этникалық құрамына байланысты мәліметтер; қазақтың көшпелі шаруашылығының ерекшеліктері; қазақтар мен казак-орыстардың арасындағы өзара мәдени әсері. Г.Е. Катанаевтың зерттеу мұрасы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіне байланысты сан алуан аспектілерді қамтиды.

ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХМЕТАУЫЛ ҚОРЫМЫ: XIX–XXI ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚОҢЫР-ҚҰЛЖА ТӨРЕ ҰРПАҚТАРЫН МЕМОРИАЛДАНДЫРУ ДӘСТҮРІ

Мақалада Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Ахметауыл қорымында орналасқан Қоңыр-Құлжа төре ұрпақтарының мемориалдық кешені қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі мемориалдық нысандар мен қорым кеңістігі арқылы тарихи жадыны сақтау және қазақ сұлтандық элитасының әулеттік бірегейлігін жаңғырту тетіктерін зерттеу қажеттілігімен айқындалады. Жұмыстың мақсаты – қорымның тарихи-генеалогиялық реконструкциясын жасау және оның төре руы ұрпақтарының әулеттік жадын сақтаудағы рөлін айқындау. Зерттеу Нұра өзені аңғарында жүргізілген далалық зерттеу материалдарына негізделген. Жұмыста нысандарды далалық тіркеу, картографиялау, тарихи-генеалогиялық талдау, мемориалдық жазбалар мен материалдық мәдениет элементтерін салыстырмалы зерттеу әдістері, сондай-ақ memory studies бағытындағы тәсілдер қолданылды.

Зерттеу нәтижесінде Құдайменде – Қоңыр-Құлжа – Әділ – Ахмет-төре сұлтандық әулетінің үш ұрпақ буынына тиесілі жерлеу ескерткіштері анықталып, ғылыми айналымға енгізілді. Қорымның құлпытастар, генеалогиялық деректерді қамтитын жазбалар және заманауи мемориалдандыру тәжірибелері арқылы сұлтандық элитаға қатысты тарихи жадтың сақталуы мен қайта жаңғыртылуын қамтамасыз ететін біртұтас мемориалдық кеңістік екендігі анықталды. Ахметауыл қорымы Орталық Қазақстанның мемориалдық ландшафтындағы маңызды нысандардың бірі әрі төре әулетінің династиялық жадын материалдық тұрғыдан айшықтайтын тарихи-мәдени нысан болып табылатыны туралы қорытынды жасалды.

АҚТӨБЕ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАСЫН ИНВЕНТАРИЗАЦИЯЛАУ: КЕЙБІР ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ДӘСТҮРЛЕРІ

В статье на основе материалов комплексной этнографической экспедиции рассматриваются вопросы сохранения преемственности поколений посредством систематического сбора нематериального культурного наследия казахов Актюбинской области.

Цель исследования – выявление современного значения и преемственности поколений нематериального культурного наследия казахов Актюбинской области путем его комплексной инвентаризации, научного анализа и систематизации. Кроме того, в работе освещается роль отдельных носителей и локальных сообществ в сохранении и передаче этого наследия, фиксируется опыт информантов, а также вводятся в научный оборот региональные особенности нематериального культурного наследия актюбинских казахов.

В ходе полевых исследований в населенных пунктах Актюбинской области были выявлены образцы нематериального культурного наследия, соответствующие 79 элементам Национального перечня нематериального культурного наследия Республики Казахстан и 14 элементам Репрезентативного списка ЮНЕСКО, а также задокументированы оригинальные материалы на национальном и региональном уровнях. В процессе сбора этнографических данных применялись методы включенного наблюдения, интервьюирования, выявления и фиксации устных и вещественных источников, а также методы систематизации данных.

В результате исследования впервые был составлен комплексный региональный реестр элементов нематериального культурного наследия и их информантов (носителей) в Актюбинской области, а также выявлен ряд новых элементов, рекомендуемых для включения в Национальный перечень нематериального культурного наследия РК. Вместе с тем были определены специфические особенности приготовления некоторых традиционных блюд, характерных для данного региона.

ҚАЗАҚ ЖЫРАУЛЫҚ ЖӘНЕ ТҮРІК АШЫҚТЫҚ ДӘСТҮРІ: ЭТНОМӘДЕНИ САБАҚТАСТЫҚТЫҢ ЭТНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЛАРЫ

Ғылыми мақалада қазақ жыраулық және түріктің ашықтық дәстүрлерінің тарихи тұрғыдан қалыптасуы, қоғамда атқарған қызметтері мен этномәдени байланыстары этнологиялық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – қос дәстүрдің ұзан/озандық типпен үндестігін айқындап, олардың этноәлеуметтік негізде сараланған қоғамдық қызметі мен өмір сүрген ортадағы дәрежесін салыстыру арқылы жырау мен ашықтардың этномәдени сипатын анықтау. Зерттеу барысында салыстырмалы-типологиялық, тарихи-этнологиялық және мәтіндік талдау әдістері негізге алынды. Әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану нәтижесінде жырау мен ашық дәстүрлерінің бір түбірден тарағанымен, тарихи жағдайларға байланысты әлеуметтік ортада өзіндік ерекшеліктерімен түрленіп, институттық сипат алғандығы айқындалады. Қазақ жыраулық дәстүрінің басты қызметтері хан мен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ету, қайраткерлік, эпикалық жадты сақтау, кеңесшілік ету және саяси ықпалы бар титулдық дәрежедегі тұлға ретінде танылуымен сипатталады. Түрік ашық типінде саз аспабымен орындаушылық өнер, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс, сопылық сарынмен үндестік алдыңғы қатарға шығады. Мақалада қоғамдық сөздің, ойдың мәртебеге ие болып, институционалдану бедеріне де назар аударылып, жыраулардың хандық кезеңде саяси-идеологиялық, медиаторлық, тарихи-жадтық қызметтері жырау титулының әлеуметтік дәрежесіне ұйысқаны, ал Османлы кезеңінде осындай қызметтердің сарай, сопылық сарындарда, керуен сарайларында, орындаушылық кеңістікте жетіле бастағаны ғылыми тұрғыдан зерттеушілер пікірі негізге алынып талданады. Ғылыми жұмыстың нәтижелері қазақ және түрік халықтарындағы қос дәстүрдің этноәлеуметтік сипатын, мәдени трансмиссия тетіктерін және ортақ рухани мұра трансформациясының көріністерін этнологиялық тұрғыдан кешенді зерделеуге бағытталады.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БАЛАЛАР ОЙЫНДАРЫ МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ РЕТІНДЕ

Аңдатпа. Бұл мақалада қазақ балалары ойнаған ұлттық ойындар мен ойыншықтар зерттелген. Мақсаты  ойынның  қолдану  тарихын  жан-жақты  зерттеу. Зерттеу барысында қазақ халқының ұмыт болып кеткен балалар ойындары қайта зерделеніп, талданды. Мақала барысында әр ойын мен ойыншықтың тәрбиелік мәні көрсетіледі. Қазақ халқының  бала тұлғасын қалыптастыруда ой-өрісін, қимыл-қозғалысын және рухани дүниетанымын дамытып, жақсы тәрбие берудегі рөлі айқындалды. 

Бұл мақалада авторлар қазақ халқының дәстүрлі бала ойындарының тарихи негіздері мен қазіргі заманғы трансформациясын қарастырады. Зерттеу әдісі ретінде дәстүрлі ойындардың қалыптасуы мен эволюциясын талдау үшін салыстырмалы-тарихи тәсілге сүйенді. Ойындар қазақ қоғамының мәдениеті мен тұрмысында ерекше орын алған, олар балалардың дене шығуына, ой-санасының дамуына, әлеуметтік қарым-қатынас орнатуына ықпал еткен. Дәстүрлі ойындар арқылы ұрпақтар арасында тәжірибе мен құндылықтар беріліп отырған. Мақалада ойындардың мазмұны мен түрлері, олардың тәрбиелік және мәдени маңызы талданады.

Қазіргі кезеңде урбанизация, технологиялық даму және әлеуметтік өзгерістер дәстүрлі ойындардың сипатына әсер етті. Балалар арасында жаңа ойын түрлері пайда болып, дәстүрлі ойындар біртіндеп ұмыт бола бастады. Дегенмен, ұлттық ойындарды қайта жаңғыртуға бағытталған мәдени жобалар мен білім беру бағдарламалары олардың маңызын сақтауға мүмкіндік беруде. Мақалада дәстүрлі ойындардың қазіргі заманғы білім беру жүйесінде қолданылуы, олардың инклюзивті ортада балаларды әлеуметтендіру құралы ретінде рөлі қарастырылады. Авторлар мақаланың нәтижесі ретінде ойындардың бала тұлғасын қалыптастырудағы рөлі, ой-өрісін кеңейту, қимыл-қозғалысын жетілдіру және рухани дүниетанымын дамытудағы маңызын айқындауға тырысты.

ИРАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҮЙЛЕНУГЕ ДЕЙІНГІ РӘСІМДЕРІ: ДИАСПОРА ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ МӘДЕНИ САБАҚТАСТЫҚ

Мақалада Иранда өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасындағы салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, оның ішінде үйленуге қатысты рәсімдердің сақталу деңгейі талданады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Иран қазақтарының үйленуге дейінгі рәсімдерінің қазіргі сипатын, олардың сақталу дәрежесін этнографиялық тұрғыдан талдау және оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу тәжірибелерін анықтау. Зерттеуде жар таңдау, қыз айттыру, құда түсу, құдаласу, қалыңмал беру және қыз ұзату сияқты дәстүрлі рәсімдердің орны мен мәдени маңызы қарастырылады. Деректерді талдауда сапалық контент-талдау және мультимодальды талдау әдістері қолданылды. Далалық зерттеуде сұхбат әдісі қолданылды. Негізгі дереккөз ретінде Иран қазақтарының тұрмыс-тіршілігіне қатысты бейнематериалдар, жарияланған этнографиялық еңбектер және салыстырмалы ғылыми әдебиеттер пайдаланылды.

Зерттеу нәтижелері Иран қазақтарының үйленуге дейінгі рәсімдерінің қазіргі кезеңде этникалық бірегейлікті сақтауда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Жастардың жар таңдауда еркіндігі артқанымен, неке мәселесінде әлі де болса ата-ананың келісімі, құдалық институты мен туыстық байланыстар бұрынғыдай маңызын сақтаған. Сонымен қатар кей рәсімдердің әлеуметтік және символдық қызметтері сақталған.

Зерттеуде Иран қазақтарының үйленуге дейінгі рәсімдері материалдық емес мәдени мұра тұрғысынан кешенді түрде қарастырылып, олардың диаспора жағдайындағы сақталу және қолданылу ерекшеліктері айқындалды. Алынған нәтижелер шетелдегі қазақ диаспорасының салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарының мәдени сабақтастығын зерттеуге және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелерін түсіндіруге үлес қосады.

ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ ТИЕСІЛІ БОЛҒАН ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАР

Мақалада Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты тарихи-мәдени мұралар жан-жақты зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – кесенеде әр кезеңде сақталған және түрлі тарихи жағдайларға байланысты әкетілген тарихи жәдігерлерді деректік материалдар негізінде іздестіру, олардың қазіргі орналасқан жерлерін анықтау. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген бірегей сәулет ескерткіші – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мемлекет қорғауына алынғанға дейін жоғалған, ұрланған немесе әкетілген заттарына қатысты зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында архивтік құжаттар, мерзімді басылымдар, естелік еңбектер мен ғылыми мақалалар пайдаланылып, аталған тарихи жәдігерлерге қатысты ғылыми тұрғыдан негізделген ақпарат ұсынылды.    

Сондай-ақ,  Ясауи кесенесіне тиесілі болған тарихи-мәдени мұралар үш топқа бөлініп, кесенеде сақталған, әкетілген орындары анықталған, қайда екені белгісіз ескерткіштерге жіктеледі. Ахмет Ясауи кесенесінің Қазақстанның ғажап мұрасы ретінде беймәлім тұстарын тану және таныту, кесенеге тиесілі болған Қазақстан мен шет мемлекеттердің музей, архив, кітапханаларында сақталған тарихи-мәдени мұраларды анықтау бойынша тың деректер беріледі және оларға ғылыми талдау жасалады. Тақырыпты зерттеу барысында деректерді талдау, тұжырымдар мен фактілерді салыстыру, болжам жасау әдістері қолданылған. Сонымен қатар, мақалада тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің көшірмелері мен суреттерін алу, зерттеу-зерделеу, ғылыми айналымға енгізу, тақырыптық көрме ұсыну және кесене тарихын зерттеудің деректік қорын кеңейту жөнінде ұсыныстар беріледі.

1346 ЖЫЛЫ КАФФАДА ОБА ІНДЕТІ ӨРШІГЕН КЕЗДЕГІ ЖӘНІБЕК ХАН ӘСКЕРІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІ

Мақалада 1346 жылы Алтын Орда ханы Жәнібек әскерінің Каффа қаласын қоршау кезінде оба індетінен қаза болған адамдардың денелерін қалаға лақтырғаны туралы Габриэль де Мюссидің мәліметі қарастырылады. Тарихнамада бұл оқиға биологиялық қаруды қолданудың алғашқы мысалдарының бірі ретінде түсіндіріліп келеді. Алайда мұндай рационалистік түсіндіру бірқатар деректанулық мәселелер туындатады. Мақсаты – Жәнібек хан әскерінің әрекетін «биологиялық қару» ұғымымен шектемей, баламалы түсіндіру. Міндеттері: де Мюсси мәліметін басқа тарихи деректермен салыстыру; 1287–1288 жылдары Русьтегі індет кезіндегі моңғолдардың әрекеттерін талдау; ауруға қатысты түркі-моңғолдардың шаманистік түсініктерін реконструкциялау. Зерттеудің деректік негізін Мюссидің шығармасы, Галицк-Волын жылнамасы, Ян Длугош хроникасы, «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-Дин және Плано Карпинидің жазбалары құрайды. Мақалада салыстырмалы-тарихи және тарихи-антропологиялық әдістер қолданылды. Тун-л’Эвек (1340) және Карлштейн (1422) қоршауларындағы оқиғалар Каффа жағдайымен ішінара салыстырылғанымен, оларда мәйіттерді қолданудан гөрі «ауаны улау» әрекеттері сипатталады. Ал 1287–1288 жылдардағы Русьте болған оқиға моңғолдардың індет шыққан қалалардағы халықты сыртқа шығармай, іс жүзінде оқшаулап («карантин») ұстағанын көрсетеді. Рашид ад-Дин жылнамасы мен «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылған Төленің өлімі және Длугош хроникасындағы моңғолдардың Русь жеріндегі іс-әрекеттері түркі-моңғолдардың ауру табиғаты туралы шаманизмге негізделген түсініктерін көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда Каффаға мәйіттерді лақтыру әскери-тактикалық емес, індеттен туындаған өлім қаупін магиялық жолмен басқа қауымға ауыстыруға бағытталған іс-әрекет ретінде түсіндіріледі.